Республика үкіметі Әлемдік банктің кеден қызметін жаңалау жобасын жүзеге асыру мүмкіндіктерін қарастыруда

"Қазір Әлемдік банк кеден қызметін жаңалау жөнінде жоба жасап, оны үкімет қарап жатыр",- деді Е.Карабан бүгін Алматыда "Кеден-2007" көрмесінің ашылуында.

Е.Карабанның айтуынша, бұл жоба кедендік құжаттарды рәсімдеу процедурасын жеделдетуге көмектеседі. "Кедендік тексеру мерзімі 75 пайызға дейін қысқарады. Сонымен қатар кедендік тексеруден өтуде талап етілетін құжаттардың саны да 14-тен 7-ге дейін азаяды",- деді ол.

Е.Карабанның айтуынша, жоба аясында "жасыл және қызыл дәліздер жүйесі енгізіледі". "Жүктің бәрін тексеру қажет емес екенін әлемдік тәжірибе көрсетіп отыр. Сөйтіп жаңа автоматтандырылған жүйелерді енгізу нәтижесінде 2009-жылы жүктердің 40 пайыздан төмен бөлігі, ал 2012-жылы - 20 пайыздан төмен бөлігі тексерілетін болады",- деді Әлемдік банк қызметкері.

Жоба бес жылға есептелген, оны жүзеге асыру 2008-жылы қолға алынады. Жоба құны - 60 млн доллар. "Әлемдік банк осы қаржының 30 млн долларға жуығын бөледі",- деді Е.Карабан.

Өз кезегінде қаржы министрлігінің кедендік бақылау комитеті төрағасының орынбасары Сержан Дүйсенбаевтың хабарлауынша, "соңғы Қауіпсіздік кеңесінің отырысында президент осы бағдарламаны қабылдап жүзеге асыра бастауға екі ай мерзім берді".


Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті