Республика үкіметі АПК компаниясының мүлік кешенін сатып алуға шешім қабылдады - толықтырылған нұсқа

"Банк белгілеген сауда-саттық шарасы өткізіліп үлгермеуге байланысты келіссөздер нәтижесінде үкімет пен банк үшін бірдей тиімді мәміле жасалды",- деді Д.Ахметов.

Үкімет басшысының айтуынша, АПК компаниясының мүлік кешенін "ҚазТрансГаз" АҚ сатып алады. "Біз бұл мүлікті банк жариялаған баға аясында сатып алмақпыз",- деді ол.
"Біз "Алматы Пауэр Консолидейтед" АҚ-ның мүлік кешенін сатып алуға қатысты барлық мәселенің басын ашып алдық. Сөйтіп үкімет бұл істі түбегейлі шешті",- деді үкімет басшысы.
"Қазақстан Халық банкі" АҚ директорлары кеңесінің төрағасы Александр Павлов: "қол жеткізілген келісімге Халық банкінің көңілі толады, үкіметтің шешіміне қанағаттанамыз", деп мәлімдеді.
Д.Ахметовтың айтуынша, Алматы қаласының күз-қысқы маусымға дер кезінде толыққанды дайындалуы үшін үкімет тарапынан қажетті шаралар қолданылатын болады.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, Қазқстан Халық банкі мүліктік кепілгерлік жөніндегі келісім-шартына сәйкес өз иелігінде болған "Алматы Пауэр Консолидейтед" АҚ-ның мүлік кешенін сататынын жариялаған. АПК компаниясының кредиторлар алдындағы жалпы берешегінің көлемі 19 млрд. теңгені, ал Халық банкіне қарызы 8 млрд. теңгені құрайды. "Алматы Пауэр Консолидейтед" АҚ-ның мүлік кешенін сату шарасы бүгін, 27-маусымда сағат 15-те өткізілуі тиіс болатын.