Баспасөз қызметінің түсініктемесіне сәйкес, 2004-жылдың қаңтар айында бас прокурор Рашид Түсіпбеков республика үкіметіне хат жолдаған. Онда шетел азаматтарын дер кезінде тіркемеу, визаны заңсыз беру және оның мерзімін заңсыз ұзарту, шетелдік жұмыс күшін елге заңсыз әкелу, шетелдік компаниялар тарапынан Қазақстандық мамандар үшін орындалмайтын кәсіптік талаптар қою тәрізді көптеген заң бұзу деректері туралы айтылған.
Беті ашылған заң бұзу көріністерін жою үшін үкімет заңнамаларға бірқатар өзгерістер енгізуге міндеттеме жүктеп алды. Соның ішінде кем дегенде 50 жұмысшы немесе мамандар жұмыс істеген жағдайда және оның 70 проценті Қазақстан азаматтары болған жағдайда ғана шетелдіктер құрған кәсіпорындарды тіркеуге рұқсат беру көзделіп отыр. Сонымен бірге үкімет бұрындары еліміз аумағынан қудаланған шетелдік азаматтарды 3-5 жылға Қазақстанға қайта кіруге тыйым салмақ ниетте. Шетел азаматына республика аумағына енуге немесе тұрақты тұруға рұқсат бермеуге қатысты себептердің тізімін толықтыру жоспарланған. Сонымен бірге "инвестор", "жұмысқа келген" және "оқуға келген" деген категориясы бар адамдардан өзге шетел азаматтарының Қазақстанда болу мерзімін 182 тәулікпен шектеу көзделген. Үкімет мүлдем құжатсыз және мерзімі өтіп кеткен құжаттармен республикаға келген және осында тұрақты тұратын шетел азаматтарына қатысты әкімшілік жауапкершілік тағайындамақшы.
"Тұрақты тұруға" және "жұмыс істеуге" рұқсат беретін визаларды тек СІМ-нің шетелдердегі мекемелерінде ғана беру тәжірибесін енгізу, елімізде тұруға және республика аумағынан шығу үшін қажетті қаржының ең төменгі нормасын белгілеу, шетелдік төлқұжаттардың ең төменгі қуатты мерзімін белгілеу межеленген. Сонымен бірге Қазақстан аумағында тиісті рұқсатсыз жұмыс істейтін ТМД елдері азаматтарын әкімшілік жауапкершілікке тарту көзделіп отыр.