Республика үкіметі тұтыным рыногындағы бағаны реттеуге шаралар қолдана бастады

Қаулы бәсекелестік деңгейін арттыруға, тұтыным рыногында қолайлы жағдайлар тудыруға және тұрғындардың күнделікті тұтыным тауарларына деген сұранысын қамтамасыз етуге бағытталған.

Құжатқа сәйкес, ҚР индустрия және сауда, энергетика және минералды ресурстар, көлік және коммуникациялар, ауылшаруашылығы, денсаулық сақтау және төтенше жағдайлар жөніндегі министрліктеріне екі күн ішінде жеміс-көкөніс және ет өнімдерінің тұрақты сауда-саттығы мен оларды сауда орындарына жеңілдетілген тәртіппен енгізуді қамтамасыз етуге бағытталған шараларды жоспарлау туралы тапсырма берілді. Сонымен бірге министрліктерге жылдың аяғына дейін мұнай өнімдері, газ және электр қуаты, темір жол қызметінің құнын тұрақтандыруға шаралар қолдану жүктелді.
Облыстардың, сондай-ақ, Алматы және Астана қалаларының әкімдеріне 2005-жылдың 15-мамырына дейін әрбір әкімшілік-аумақтық бірлік аясында азық-түлік өнімдерін тұрғындарға ұсыну мәселелері бойынша тұрақты жұмыс істейтін штабтар (комиссиялар) құруға тапсырма берілді. Сонымен бірге әкімдер қалалар мен басқа да елді мекендерде жергілікті бюджет есебінен маусымдық сипаттағы азық-түлік өнімдерін сату үшін қосымша сауда алаңдарын ашуға шаралар қолдануы қажет. Бұл орындарда тиісті санитарлық-тазалық және коммуналдық-тұрмыстық деңгейлер қамтамасыз етілуі тиіс.
ҚР ІІМ-іне ауылдық тауар өндірушілердің сауда алаңдарына шығуына заңсыз тосқауыл қою деректеріне жол бермеуге қажетті шаралар қолдану міндеттелді.
Үкімет қаулысын жүзеге асыруға Кәсіпкерлер мен жұмыс берушілердің жалпыұлттық "Атамекен" одағы, "Ұлттық тұтынушылар лигасы" қоғамдық қоры мен басқа да бірлестіктер жұмылдырылады.
Қаулының мәтіні ресми баспасөз беттерінде жарияланды.