Республикада тұмау және ЖРВИ бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, маусымдық тұмау жағдайлары Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан облыстарында және Алматы, Астана қалаларында тіркелді.

Эпидемиологиялық маусымның басынан бастап тұмауға қарсы 1 млн. 310 мыңнан астам адам егілді. Олардың ішінде 14 жасқа дейінгі балалар саны 364 мыңға жуық болса, 75 мыңын жүкті әйелдер құрады. Вакцинациядан кейін асқыну тіркелген жоқ.

Зертханалық зерттеулер нәтижесінде В типті, А H1N1 типті, А H3N2 типті маусымдық тұмау, сондай-ақ, тұмау вирустарына жатпайтын вирустар айналымы анықталды (аденовирустар, риносинтициалды және парагрип вирустары).

Әлемдегі тұмауға қатысты жағдайға келсек, «Синьхуа» агентігінің мәліметінше, Қытай Халық Республикасында тұмаумен сырқатанушылықтың көтерілуі байқалады. 2012 жылғы желтоқсанның 24-нен бастап 30-на дейін 1 040 000 ЖРВИ-мен ауырған адам тіркеліп, 28,5 мың адамда тұмау вирусы анықталды. Оның ішінде А H1N1типті вирус басым.

Қытай мамандарының бағалауы бойынша, Бейжіңде А H1N1 тұмауынан осы инфекцияға қарсы егілмеген 22 және 65 жастағы екі әйел қаза болған.

ҚР ДСМ МСЭҚ комитеті вакцинация - тұмаудың алдын алудың ең тиімді тәсілі екендігін еске салады.