Республикалық бюджеттің толық игерілмеуіне кінәлілер жазаға тартылды - К.Мәсімов

Бүгін ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында депутаттардың сауалына жауап берген ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов осылай деді.

«Біз Үкіметтің арнайы отырысын өткіздік. Кім кінәлі екендігін қарастырдық. Кінәлілер табылып, олар жазаға тартылды. Дегенмен, бұл жүйелі проблеманы шешпейді», - деді ол.

Айта кетейік, бүгін ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында ҚР Үкіметінің және Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 2014 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін талқыланып,  бекітілген болатын.

Былтыр жыл қорытындысы бойынша қаржылық нәтижелер теңгерімделіп, бюджет кірістері 5 трлн 908 миллиард теңге немесе түзетілген жоспарға қарағанда 99,4 пайыз болып қалыптасқан. Кірістер ішінде салықтық түсімдер  3 трлн 666,09 млрд теңге, негізгі капиталды сатудан түсетін түсімдер  7 млрд 681 млн теңгені құраған.   Республикалық бюджеттің 2014 жылға арналған шығыстары 7 070 миллиард теңгені немесе жоспардың 99,4 пайызын құрады. Тапшылық бекітілген деңгейде - 1 081 миллиард теңге шамасында болды.

Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің талдауларына сәйкес, сыртқы қолайсыз конъюктураға қарамастан, жалпы алғанда Үкімет бюджеттің негізгі параметрлерін орындап шыққан. Дегенмен, бюджетті атқару барысында да жүйелі кемшіліктер орын алған. Бұл ретте Есеп комитеті бюджет қаражатының игерілмей қалуына баса назар аудартады.