"Кәсіби біліктілік аттестациясынан республикалық денсаулық сақтау ұйымдарының 118 басшысы өту керек болған, олардың алтауы (келгендер санының 5,5 пайызы) тестілеуден өтпей қалды" ,- деп хабарлады денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметінен.
Баспасөз қызметінің ақпараттарына сүйенсек, олардың барлығы апелляциялық комиссияға аттестация мәселесі жөнінде апелляциялық өтініш берді.
Сонымен қатар, министрліктің мәліметтеріне сүйенсек, тоғыз басшы аттестацияға мүлдем келмеген және де ақталарлық құжат та ұсынбаған.
"Аттестациялық комиссия тестілеу мен әңгімелесу нәтижесі бойынша республикалық денсаулық сақтау ұйымдарының 103 басшысын (келгендер санының 94,5 пайызы) аттестациялау туралы шешім қабылдады. Сөйтіп, жүргізілген аттестация жалпы республикалық денсаулық сақтау ұйымдары басшыларының айтарлықтай жоғарғы кәсіби деңгейі мен дайындығын көрсетіп отыр",- деп атап көрсетілген хабарламада.
Республикалық денсаулық сақтау ұйымдары басшыларын аттестациялауды Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігінің медициналық қызмет көрсету саласын қадағалау жөніндегі комитет 2007 жылдың 23 - 28 тамыз аралығында жүргізді. Аталмыш процедура Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау практикасында Қазақстан Республикасының 2006 жылдың 7-шілдесіндегі 171-ІІІ "Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау жөніндегі мәселелері жөніндегі кейбір заңнама актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы" заңын орындауда бірінші рет өткізіліп отыр. Заңға сәйкес аттестация республикалық денсаулық сақтау ұйымдары басшыларының кәсіби біліктілігінің деңгейін анықтау мақсатында үш жылда бір рет жүргізіледі.