Республиканың арнаулы қызметтері Қазақстан азаматтарының халықаралық лаңкестік ұйымдардың ықпалына ілігу ықтималдығына алаңдаушылық білдіреді

"Геосаяси ахуалға, аймақ елдерінің экономикасы мен қоғамның ауыспалы ахуалына байланысты соңғы жылдары Орталық Азия елдері үшін, соның ішінде Қазақстан үшін лаңкестік қаупі нақты сипатқа көшті",- деді В.Божко. Оның сөзіне қарағанда, бұл Орталық Азия елдерін "халықаралық лаңкестік және діни-экстремистік ұйымдар үшін мүдде кіндігіне айналдырды".

В.Божконың нақтылауынша, аталған қауіп бірінші кезекте "Аль Каида" және "Талибанмен" құрылымдық байланысы бар ұйымдар тарапынан төніп отыр. Атап айтсақ, қауіптің үлкені "Түркістан ислам партиясы" тарапынан төнуде, бұл ұйымның Орталық Азия аймағында халифат құруға бағытталған іс-қызметін "Хизб-ут-Тахрир" насихаттап жүр.
Сондай-ақ, В.Божко тағы бір қауіп көзі ретінде ұйғыр сепаратистік қозғалысын атады. Бұл ұйымның 14 өкілі Қазақстан аумағында ұсталып, Қырғызстан мен ҚХР-ға экстрадицияланды. В.Божко "бұл ұйым өкілдерінің Қазақстандағы ұйғырлар арасында идеологиялық үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуге талпыныс жасау мүмкіндігін" жоққа шығармады. Сондай-ақ, ҚР ҰҚК-нің ақпараты бойынша, "Күрд Халық конгресінің жетекшілері мен бұрынғы Күрд жұмысшыларының партиясы тарапынан да жекелеген әрекеттер байқалуда". "Бұл салада да біз лаңкестік ұйымдарға қатысы бар және соған байланысты іздестіріліп жатқан адамдарды іздеп, ұстап, қайтарып беріп жатырмыз",- деді В.Божко.
Қазақстан үшін тағы бір өзекті мәселе ретінде В.Божко "еліміз аумағына шиеленісті аймақтардан қашқан-пысқандардың кіріп келуін" атады. Ол Қазақстанның Шешенстандағы заңсыз содырлық топтардың іс-қызметіне қатысы бар, республика аумағында жасырынып қалуға талпыныс жасаған бірқатар адамдарды ұстап, Ресейге қайтарып бергенін атады. "Қазақстандағы Кавказ тұрғындарының диаспорасы Шешен соғысын материалмен және адам күшімен қамтамасыз ететін база ретінде пайдаланылмауына жол бермеу үшін қолдан келген мүмкіндіктерді сарқа пайдалану қажет. Оның үстіне мәжбүрлі мигранттардың жекелеген өкілдері өздерінің қылмыстық іс-әрекеттерін еліміз аумағында да жүзеге асырып жатыр",- деді В.Божко.