ҚР энергетика және минералды ресурстар министрінің айтуына қарағанда, үкіметке ұсынылған 2006-жылғы республикалық бюджет жобасында республиканың оңтүстігі мен солтүстігіндегі электр қуатының бағалары арасындағы айырмашылыққа дотация бөлу тетіктерін қаржыландыру қарастырылмауға байланысты осындай ахуал қалыптасуы мүмкін.
"Біз республиканың оңтүстік өңірлеріндегі электр қуатының тапшылығын шешудің екі жолы бар екені жөнінде үкіметке хат жаздық. Бірінші жол - бұрынғыдай айырмашылықты дотация арқылы теңестіру де, екіншісі - оңтүстік өңірде электр қуатының бағасын қымбаттату болмақ",- деді В.Школьник.
Кеңес барысында В.Школьник сонымен бірге 2006-жылы республикалық бюджеттен Астанадағы 2-ші жылу электр орталығын жаңалауға 6 млрд. теңге бөлу жоспарланғанын жеткізді. Алайда министрге белгілі мәліметтерге сәйкес, бұл мақсатқа 11 млрд. теңге қажет.
Өз кезегінде ҚР экономика және бюджетті жоспарлау министрі Қайрат Келімбетов энергетика және минералды ресурстар министрінің сауалына берген түсініктемесінде бюджеттің ақырғы нұсқасы парламентте бекітілетінін атай отырып, "республиканың оңтүстік өңіріндегі электр қуатының тапшылығы проблемасын шешу жолдары парламент депутаттарымен бірлесе талқыланып, ақырғы шешім қабылданады" деп мәлімдеді.
Астанадағы 2-ші жылу электр орталығын жаңалау жұмыстарын қаржыландыру мәселесіне тоқталған Қ.Келімбетов орталықты жаңалауға 6,4 млрд. теңге қажет деген Астана қаласы әкімінің хатына сілтеме жасады. Ал 11 млрд. теңгеге Астанада Есілдің сол жағалауында подстанция құрылысын салуға арналған жалпы шығындар қамтылады, деді ол.