Reuters: Ислам Кәрімов ақыры ауыр науқастан дүние салды

Reuters президент Ислам Кәрімовтің дертінен айықпаған күйі қайтыс болғанын хабарлады. Автократтың 27 жылға созылған билігі кезінде ел нарық экономикасына өтіп үлгермеді, саяси оппозиция мен тәуелсіз БАҚ жойылды.

Қыркүйектің 2-сі күні түстен кейін Reuters агенттігі "үш дипломатиялық дерек көзіне" сілтеме жасап, президент Ислам Каримовтің дүние салғанын мәлімдеді. 1989 жылдан бері билігін референдум арқылы, баламасыз, я формалды сайлау жолымен созып келген Каримов Өзбекстанда бас-аяғы 27 жыл (тәуелсіздік кезеңінде 25 жылдан астам) билік құрды. Каримовтің кезінде Өзбекстан жоспарлы экономикадан нарық экономикасына өте баяу түрде өтумен болды, елдегі саяси-қоғамдық оппозициядан жұрнақ та қалмай, тәуелсіз БАҚ-тар түгел жабылды. Өзбекстандағы билік жүйесінің жабықтығы соншалықты президент Каримовтің сырқаттануы мен өлімі туралы өте жұтаң мәлімет берілді.

Әуелі тамыздың 28-і күні Өзбекстан үкіметі бірінші рет президенттің денсаулығы нашарлағанын ресми түрде хабарлап, оның емі "біразға созылатынын" растаған. Тамыздың 29-ы күні Ислам Каримовтің кіші қызы Лола Каримова-Тилляева әкесінің "инсульт алып, реанимацияға түскенін, болашағына қатысты болжам жасау ерте екенін" мәлімдеген. Тамыздың 31-і күні Өзбекстанның ресми БАҚ-тары Каримовтің тәуелсіздік күнімен халықты құттықтау хатын таратқан. Қыркүйектің 1-і күнгі Тәуелсіздік мейрамы қарсаңындағы кейбір іс-шараларға премьер-министр Шавкат Мирзияев қатысқан. Қыркүйектің 2-сі күні таңертең Өзбекстан үкіметі "Каримовтің әл үстінде жатқанын"
хабарлаған
.

1938 жылы Самарқанда туған Ислам Каримов 1960 жылы Орталық Азия Политехникалық институтын "инженер-механик" мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын инженер-конструктор болып бастап, кейін мемлекеттік жоспарлау мекемесінде (Госплан) қызмет сатысымен өскен. Совет кезеңінде Каримов Өзбек ССР-інің қаржы министрі, Министрлер кеңесі төрағасының орынбасары, Қашқадария облыстық комитетінің бірінші хатшысы қызметтерін атқарған. 1989 жылы Өзбек ССР-і Орталық комитетінің бірінші хатшысы, 1990 жылы президенті болып сайланған. Каримов әуелі Өзбекстанның СССР құрамында қалуын жақтап шығып, 1991 жылғы "Тамыз бүлігі" кезінде тәуелсіздік талап еткен.