"РФ үкіметтік комиссиясының бірде-бір өкілі "Протон-М" зымыран тасығышы құлаған жерде болған жоқ, онда тек Ресей Федерациясының жұмыс тобының мүшелері ғана жұмыс істеп жатыр", - деді Т. Мұсабаев бүгін мәжілістің экология және табиғатты пайдалану мәселелері жөніндегі комитетінің отырысында сөйлеген сөзінде.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, 6 қыркүйек күні түнде Байқоңырдан ұшырылған "Протон-М" зымыран тасығышы, "Бриз-М" үдеткіш блогы мен Жапонияның JCSAT-11 ғарыштық аппаратымен Жезқазғаннан 40 шақырым жерге құлады. Ұшырылым белгіленген мерзімде- Астана уақытымен 4 сағат 43 минутта ұшырылған, алайда ұшырылымның 135 секундында зымыранның екінші саты қондырғысының қозғалтқышы апатты жағдайда өшіп қалған. Алдын-ала мәліметке сәйкес, "Протон-М" зымыран тасығышының құлауына тарту күші векторын басқаратын тізгіндік машиналардың істен шығуы себеп болған.
"Протон-М" - Ресейдің федералдық ғарыштық бағдарламасының аясында пайдаланылатын ауыр зымыран-тасығыш. Зымыранды М. Хруничев атындағы орталық жасап шығарған.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті