Жергілікті сүт зауыты қожайынының ұлының кесірінен бірінші ажал құшқан сексендегі қарт Виктор Чубиков болатын. Қатты жараланған қария кейін ауруханада көз жұмыпты. Зиновьевтер оның үй-ішіне ақша беріп, ұлдарын жазадан алып қалған. Қалталы директордың шолжаң ұлын осылай тайраңдатып қойғаны марқұмның жақындары түгілі, Риддер тұрғындарын түгел шошындырып отыр.
Юлия Клевцова, Риддер қаласының тұрғыны:
-Бұл адамды заңның барлық талаптарына сай жазаласын деп сұраймыз. Оны мүлдем көлік жүргізбейтіндей ету керек. Біз оны қаламыздың жолдарынан мүлдем көргіміз келмейді.
Ал 2011 жылы сол желікпе жүргізуші 60 жастағы Алтай Сағадиевті қағып өлтірген. Денесі отыз метрге ұшып түскен азамат тіл тартпай кеткен екен. Тізгіндегі бай баласы сол жолы сотталғанымен, 1-2 күн өтпей рақымшылықпен бостандыққа шығыпты.
Ләззат Сағадиева, марқұмның жұбайы:
-Қолына қару бергендей машинаға отырғызып ұлдарын қоя береді. Олардың жалғыз баласы мұқым қаланы өлтіріп келе жатыр. Мына Зиновьев деген бала емес бір пәле болды біздің қалаға.
Ал мамыр айында болған соңғы оқиға риддерліктерді тіпті алаңдатты. Бұл жолы да Владислав Зиновьевке тиесілі көлік 26 жастағы Елена Дробышты басып кеткен. Бірақ тергеу мәліметтері бойынша, машинаны Зиновьев емес, оның құрбысы жүргізіпті. Келіншек те бар кінәні өз мойнына алған. Яғни бай баласы бұл жолы да жазадан сытылады деген сөз.
Бахытжан Торғаев, ШҚО ІІД баспасөз хатшысы:
-Жол ережесін бұзған автокөлікті басқарып келген басқа азаматша болғандықтан осы көліктің иесін қандай да бір заңға тартуға еш негіз жоқ.
Алайда риддерліктер бұған сенбейді. Қазір тұрғындар тіпті көшеден өтуге қорқып қалған. Зиновьевтің көлігінің астында қаламыз ба деп. Жергілікті полициядан күдерін үзген жұрт жаппай қол жинап, іске енді Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен бас прокуратураның араласуын талап етіп отыр.