Екі апта бойыбұл аумақ қоршалып, күндіз түні полиция мен құтқарушылар кезекшілік етіп келді. Ал опырылған жерге жақын орналасқан 14 үйдің тұрғындары бірі қалмай бұл жерден әкетілген болатын.
-Қазір мынау алып шұңқыр толығымен тегістелді, бетон қоспасымен толтырылды. Мамандар енді бұл жер әбден қауіпсіз деп отыр. Енді осы көшедегі үйлердің тұрғындары баспаналарына қоныстана бастапты.
Жер опырылып, бір үй астына түсіп кеткен кезде осы аумақта төтенше жағдай жарияланған. Тұрғындар да түгел эвакуацияланды. Күні бүгінге дейін жергілікті қонақүйге қоныстанған қырық отбасы енді онда қайтып барғылары келмей отыр. Өйткені қауіптің сейілгеніне сенбейді.
Гүлнар Баянбаева, Риддер қаласының тұрғыны:
-Мына тесіктен ары қарай жер құламайды деп кім маған кепілдік береді. Мен қалай бұл үйде ұйықтаймын. Мен ертен түнде жердің түбінде жатам ба әлде бетінде жатам ешкім маған гарантия бермейді.
Ал үйі жер астына кеткен Анастасия Татарникова құндақтағы нәрестесі екеуі кәсіпорынның қонақүйін паналаудан мезі болғанын айтады. Жауапты мекеме уәде еткен пәтерге де қашан қоныстанатынын әлі білмейді.
Анастасия Татарникова, Риддер қаласының тұрғыны:
-Кесте бойынша оянуға тура келеді, тамақты да тәртіп бойынша береді. Бұдан әбден шаршадық. Маған берген пәтерлерінде жөндеу жұмыстары жүріп жатыр деп естідім. Өзім әлі көрген де емеспін.
Радиусы 50, тереңдігі 21 метр болған шұңқырды екі апта бойы күндіз түні бетон қоспасымен толтыруға тура келген. Бетін топырақпен тегістепті. Оқыс оқиға енді қайталанбайды деп сендіріп отыр жауапты мекемедегілер.
Валерий Завьялов, «Казцинк» ЖШС –нің бас кеншісі;
-Аумақтың жер астына түгелдей геологиялық барлау жүргізіп, шолып шықтық. Біз болашақта мұндай үлкен олқылықтың болмауына бірнеше мәрте кепілдік алдық. Және барлау жұмыстарымен айналысқан комиссия мүшелері тәуелсіз сарапшылар болды.
Ал арнайы комиссия бұл техногенді сипаттағы апат деп қорытынды жазып беріпті. Өмір сүруге қауіпсіз аумақ деп құжаттар толтырған. Дегенмен, екінші қоныс тойларын бұл күні қатар тойлаған қырық отбасы бұған сенбей отыр. Көңілдерінде күдік басым.