26 тамызда таңертең үйінен жұмысқа шыққан қалалық әкімдік қызметкері жоғалып кеткен.
"Кешке орман алқабынан әйелдің денесі табылды. Әйел жұмысқа баратын кезінде жолды қысқарту үшін осы орманның ішінен өткен. Оның мәйітінде тұншықтыру, пышақ жарақаттары мен зорлық-зомбылық белгілері бар екені анықталды. Оқиға орнына ШҚО орталығынан полиция департаменті, прокуратура басшылығы, сондай-ақ криминалдық полиция қызметкерлері дереу келді", - делінген хабарламада.
Бірнеше күннен кейін жедел уәкілдер қылмыс жасаған 34 жастағы ер адамды ұстады. Оның бірнеше рет сотталғаны белгілі болды.
"Осы 6 күн бойы тергеу шаралары жүргізілді. Қазір күдікті қамауға алынды, оның әрекеттері ҚР ҚК-ның 99 және 192-баптары бойынша қаралады. Күдікті 20 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін", - деді ШҚО ПД бастығының орынбасары Талғат Шаяхметов.
Анасыз қалған 8 жастан 11 жасқа дейінгі үш бала жақын туыстарына берілген.