- Ғани, Олимпиада алдындағы дайындық қалай өтіп жатыр?
- Дайындығымыз жақсы өтіп жатыр - бірқалыпты, бапкерлер қатты салмақ түсіріп жатқан жоқ. Бұған дейін жаттығуларымыз Алматыда өтті. Онда тау-таспен жүгіріп дайындалдық. Міне, Астанадағы оқу-жаттығуларымыз да аяқталып келеді. Жалпы, бәрі дұрыс, үйге, отбасыға деген сағыныш сезіміміз болмаса. Енді, алда - Лондон Олимпиадасы. Негізгі мақсатымыз - Англиядан құр қол қайтпай, халықтың сенімін барынша ақтау.
- Лондонға аттанғалы жатырсыңдар. Ол жақтың климаты дайындыққа кері әсер етпей ме?
- Лондонның ауа-райы ылғалды. Бірақ біз биылғы көктемде ол жаққа барып, ортақ оқу-жаттығуларды өткізгенбіз. Сол кезде климаттың кері әсері сезілген жоқ. Лондонға бір апта бұрын бара жатырмыз ғой. Ол уақыттың ішінде Тұманды Альбионның ауа-райына әбден үйреніп алатын мүмкіндік бар.
- Осы уақытқа дейін қарсыластарыңды да зерттеп үлгерген шығарсың?
- Негізі, біз бапкер екеуіміз Әзірбайжанның Баку қаласында өткен Әлем чемпионатына дейін, ол өткеннен кейін де, қарсылас спортшыларды жан-жақты зерттеп келеміз. Қазіргі кезде 60 келі салмақ дәрежесінде мықты спортшылар өте көп. Олардың ішінде украиндық Василий Ломаченко, итальяндық Доминико Валентино, сондай-ақ Куба мен Өзбекстанның кәсіби қолғап шеберлері бар. Жалпы, біз он шақты мықты қарсыласты тізіп шықтық. Оның 70 пайызымен шаршы алаңға шыққанмын, қалғанын сырттан зерттеп келемін. Қазіргі кезде бапкер екеуіміз жатсақ та, тұрсақ та, қарсыластарымызды ойламыз. «Олардан айламызды қалай асырып кетеміз?», - деп күнде дайындықпен боламыз. Бейнетаспаларды қай-қайта көріп, әрбір қарсыласқа қарсы жеке тактиканы ұштап отырамыз.
- Ғани, ішкі дайындық қалай болып жатыр?
- Бапкерім - Нұрлан Ақүрпеков мені үнемі іштей қайрап отырады. «Сенің қарсыласың да өзің сияқты. Екі қолы мен екі аяғы бар», - дейді ол. Сосын Нұрлан ағаның айтуынша, төрт жылда бір-ақ рет болатын Лондон Олимпиадасы сияқты дүбірлі додаларда іштей қатты ұмтылу қажет. Ондайда боксшылардың көбісі топ жарып, жеңімпаз атанып жатады. Мен де іштей тек жеңісті ғана тілеп жүрмін.
- Лондон Олимпиадасында сенің алғашқы жекпе-жегің қашан өтеді?
- Білуімше, 60 келі салмақ дәрежесіндегі боксшылар 29 шілде күні шығады. Бірақ мен ол күні шығамын ба, жоқ па, ол жағын білмедім. Себебі оны да жеребе тастау рәсімі анықтайды.
- Өзің рингке шыққан кезде нені ойлайсың?
- Ең бірінші, қарсыласымды ойлаймын. Одан айламды қалай асырып кетсем екен, деп бар күш-жігерімді салуға тырысамын.
- Боксшыларда рингке шығардың алдында бір ырымдар болушы еді ғой?
- Жоқ, менде ондай ырымдар жоқ. Рингке шыққанда кез келген боксшыда қобалжу деген болады ғой. Мен бір Аллаға ғана сыйынып шығамын.
- Ғани, сөз басында отбасыңды сағынғаныңды айттың. Ол сенің дайындығыңа қалайша әсер етеді. Бәлкім, олардың сенің жаныңда болғаны дұрыс шығар?
- Лондонға кетердің алдында жұбайым мен қызымды Астанаға алдыртуға болады деп айтқан еді. Бірақ ол болмаса, кете береміз ғой. Біз ондайға үйреніп қалғанбыз (күлді). Биыл демеушілер кейбір спортшылардың ата-анасын Лондонға алып барады деп естігенмін. Ол да жақсы ғой. Өз басым шаршы алаңға шыққан кезде, залда жақын адамдардың болғанын қалаймын. Олар да сен үшін жанкүйер болып, айғайлап, рух береді. Дегенмен, біз бапкердің дауысын әбден жаттап алғанбыз ғой, рингте барлық айқай-шудың арасынан тек бапкердің дауысын ғана естиміз.