Оңтүстік астананың Халықаралық әуежайының VIP-терминалының алдында зілтемір көтеруден 77 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Рио Олимпиадасының чемпионы 23 жастағы Нижат Рахимовты, күміс жүлдегер 22 жастағы Жазира Жаппарқұлды (69 келіге дейінгі салмақ), қола жүлдегерлер: 23 жастағы Карина Горичева (63 келіге дейінгі салмақ) мен 25 жастағы Фархад Харкиді (62 келіге дейінгі салмақ), сондай-ақ, бесінші орын алған 24 жастағы Маргарита Елисеева (48 келі) мен 4-ші орын алған 24 жастағы Чонтей Арлиді (56 келі) спорт саласындағы ұйымдардың өкілдері, зілтеміршілердің туған-туыстары, туған өңірінен келген делегациялар, жас спортшылар, қала тұрғындары - барлығы 300-ден астам адам зор қуанышпен қарсы алды.
Қолдарына транспаранттар, плакаттар мен Қазақстанның ұлттық Туын ұстаған жүздеген жастар Олимпиада жүлдегерлері VIP-терминалынан көрінген бетте «Нижат - чемпион», «Алға, Қазақстан!» «Жазира - чемпион» деп ұрандады.
«Маған Олимпиада барысында қызу қолдау көрсеткендеріңізге шын жүректен алғысымды білдіремін. Бұл тек менің ғана жеңісім емес. Бұл - бүкіл Қазақстанның жеңісі! Мені Олимпиадада табысты өнер көрсетуіме үлес қосқан жаттықтырушыма, әкеме, басқа да азаматтарға шын жүректен алғысымды білдіремін. Мен бұл айтулы додадаға тыңғылықты дайындалдым. Жеңіске жеткеніме бақыттымын! Мен үшін Қазақстан атынан өнер көрсетіп, ел намысын қорғау - аса үлкен мәртебе», - деді Н. Рахимов.
Айта кетелік, Рио Олимпиадасына Қазақстаннан 104 спортшы 26 спорт түрінен өнер көрсетті. Қазіргі таңда қазақстандық атлеттердің қоржынында 6 спорт түрі бойынша 17 медаль бар: 3 алтын, 5 күміс және 9 күміс. Осылайша, 2016 жылдың 20 тамызындағы жағдай бойынша 1996 жылғы Атланта Олимпиадасынан бері тәуелсіз Қазақстанда Олимпиада чемпиондарының саны 19-ға жетті.