«Ролан Гаррос» турнирінде қазақстандық үш теннисші екінші айналымға шықты

Әлемдік рейтингте 54-ші орында тұрған 26 жастағы Михаил Кукушкин өзінен алты жас үлкен франциялық теннисші Николя Маюды төрт партияда 6:3, 6:7, 6:3, 6:4 есебімен ұтты. М.Кукушкин үшінші айналымға шығу үшін американдық алып, бойы 208 сантиметр Джон Иснермен шеберлік байқасады. Қызық үшін айта кетелік, 2010 жылы Уимблдон турнирінде осы Д.Иснер Н.Маюмен 11 сағат 5 минут бойы ойнап, теннис тарихындағы ең ұзақ кездесуді өткізіп, тізе бүктірген болатын. Бұл матчтың құрметіне ескерткіш тақта да қойылған.

Үнділік Сомдев Девварманды үш партияда жеңген Қазақстан намысын қорғап жүрген 27 жастағы Александр Недовесовтің келесі қарсыласы - чехиялық мықты Томаш Бердых. Тағы бір қазақстандық Андрей Голубев алғашқы айналымда осы турнирдің жетінші ракеткасы, ұлыбританиялық Энди Марреймен кортқа шығады.

Әйелдер арасында әлемдік рейтингте 69-орында келе жатқан Ярослава Шведова американдық Лорен Дэвисті тартысты кездесуде 3:6, 7:5, 6:4 есебімен ұтып, екінші айналымға жолдама алды. Сөйтіп ол корт иесі Полин Парментьемен күш сынасады.


Естеріңізге сала кетейік, дүйсенбі күні әлемдік рейтингте 96-орыннан бірден 86-сатыға көтерілген 20 жастағы Зарина Диясқа чехиялық, осы турнирдің бесінші ракеткасы Петра Квитовамен кездесуінде тәжірибе мен шеберлік жетіспей, 5:7, 2:6 есебімен ұтылып қалды. Дегенмен мамандар қазақ қызының болашағы алда деп отыр.