Рудный қалалық қылмыстық полиция бөлімшесі бастығының орынбасары Тайыр Арқановтың айтуынша, қалалық ішкі істер бөлімінің кезекші бөлімшесіне атыс туралы ақпарат 6-сәуірде түн ортасында келіп түскен. Оқиға орнына келіп жеткен шұғыл топ комитет ғимаратының екінші қабатының дәлізінен екі оқ тапты. Тексеру нәтижесінде оқтардың терезе әйнегін сындырып, кабинет қабырғасын тесіп өткені анықталды. Оқ траекториясын есептеп шығарған полиция қызметкерлері оқтардың салық комитетінің ғимаратының қарсы алдында орналасқан тұрғын үйдің үшінші қабатындағы пәтердің терезесінен атылғанын анықтады.
Пәтердегі тексеру кезінде балконнан оқтың гильзалары, ал қоймадан 9-шы калибрлі зеңбірек- тапанша мен оның оқтары табылды. Пәтердің әйел қожайынының көңілдесі, бұған дейін істі болған 29 жастағы жергілікті тұрғынның айтуынша, қаруды иен қалған бір үйден тауып алған. Ал оқты атуға себеп болған есірткінің әсері дейді ол.
Оның үстінен қылмыстық іс қозғалды. Еркекке бұзақылық әрекеті мен заңсыз қару сақтағаны үшін айып тағылды.