Рудныйдағы егіз балалардың өліміне қатысты жаңа деректер жарияланды

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, Рудныйда бір мезетте көз жұмған 6 жасар егіз балалардың өліміне қатысты жасалған сот-медициналық сараптаманың қорытындысында балалардың уланғаны нақтыланған.

«Сот-медициналық сараптама жүргізіліп, балалардың уланғаны расталды. Тергеу аясында тағы бір сараптама тағайындалды, ол тергеу барысында сарапшыға қойылған сұрақтарға жауап беруі тиіс», - делінген ПД хабарламасында.

Айта кетерлігі, сараптама қорытындысында бүлдіршіндердің нақты неден уланғаны айтылған жоқ.

Еске салайық, бұған дейін Рудныйда алты жасар екі егіз бала жұмбақ жағдайда қайтыс болған болатын. Дәрігерлер балалардың жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізілгенін, ал келесі күні денсаулығының жақсаруына байланысты анасының талабымен шығарылғанын айтқан. Алайда арада 12 сағат өткенде анасы ұлдарының өлі денесін тапқан. Өлімнің нақты себебі анықталып жатыр.