Руслан Жанпейісовке Қылмыстық кодекстің үш бабы бойынша айып тағылды

Шымкентте қызметіне салғырт полицейлермен күресіп келген Руслан Жанпейісовке қатысты сот отырысы басталды. Көлік жүргізушілерінің құқығын қорғайтын ұйымның мүшесіне Қылмыстық кодекстің үш бірдей бабымен айып тағылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

Полицейлердің тәртіп бұзған сәттерін видеоға түсіріп, оны жариялап келген 36 жастағы азамат бастапқыда ақша бопсалады деген айппен ұсталған болатын. Ол әуелде тек оңтүстіктің сақшыларын түсіріп жүрсе, кейіннен бүкіл Қазақстан бойынша полицейлердің заңсыз әрекеттерін жариялап жүрген. Алайда артынша оған тәртіп сақшыларын бопсалайды деген айып тағылды. Яғни, Руслан Жанпейісов кезекті рет түсірген видеосын жарияламау үшін 50 мың теңге бопсалаған деп айыпталған-ды. Оны осы әрекеті үшін қамауға алған оңтүстік полицейлері енді оған Қылмыстық кодекстің үш бабымен айып таққан. Бұл туралы сот отырысында прокурор мәлімдеді. «Руслан Жанпейісов К деген полиция қызметкерін көлікті тоқтатқан кезінде ұялы телефонына түсіріп алады. Артынша бейнежазбаны интернетке саламын деп 5 мың теңге бопсалаған. Кейіннен тәртіп сақшысы ол ақшаны терминал арқылы ұялы телефонына салған. Мұндай жағдай бір емес, бірнеше рет қайталанған. Осы жылдың наурыз айында Жанпейісов жол патрульдік полиция қызметкерін бопсалап, 50 мың теңге алып жатқан жерінде ұсталды. Үйін тінту кезінде көпшілік үшін рұқсат етілмейтін дыбыс жазу құрылғылары табылған. Ол осы арқылы мемлекеттік органдардың қызметіне араласқаны дәлелденді», - деді айыптау қортындысымен таныстырған Абай аудандық прокуратурасының прокуроры Сырым Жақсылықов. Осы айыптаулар бойынша Руслан Жанпейісовке Қылмыстық кодекстің үш бабы: «Аса iрi мөлшерде қаржыны қорқытып алу», «Ақпаратты жасырын алудың арнайы техникалық құралдарын заңсыз дайындау, жасау, иемдену, өткізу немесе пайдалану» және «Қоғамдық бiрлестiктер мүшелерiнiң мемлекеттiк органдардың қызметiне заңсыз араласуы» бойынша айып тағылып отыр. Алайда қоғам белсендісі мұндай айыптаулармен келіспейтінін айтып отыр.