«Русская Премия» байқауы номинанттарының шығармашылық кеші өтті

ҚР Тұңғыш Президенті қоры жанындағы әлемдік экономика және саясат институтының ұйымдастыруымен және Ельцин орталығының қолдауымен өткен кешке әдебиет саласындағы басты марапатқа үміткер, байқаудың «лонг-листіне» кіріп үлгерген қазақстандық жас жазушылар Илья Одегов пен Заир Асим қатысты.

Естеріңізге сала кетейік, «Русская Премия» сыйлығы лауреаттарын марапаттау салтанатты рәсімі 24 сәуір күні Мәскеуде өтеді. Бұл «Русская Премия» сыйлығы - ресейлік әдебиет сыйлықтарының ең белді бестігіне кіреді. Біздің отандасымыз прозашы Илья Одегов «шағын проза» аталымындағы сыйлыққа үмітті. Ол халықаралық әдебиет байқауына «Кез келген махаббат» және «Пуруша» атты шығармаларын ұсынды. Ал, Заир Асим «Үнсіздік тілімен» өлеңдер жинағымен «поэзия» санатындағы аталымға үміткер. Сыйлыққа үміткерлер қатарында 15 елдің - Австрия, Беларус, Ұлыбритания, Германия, Израиль, Қазақстан, Канада, Литва, Мозамбик, Молдова, АҚШ, Өзбекстан, Украина, Франция және Эстония елдерінің орыстілді жазушы, ақындары бар. Аталмыш байқаудың ресми серіктесі - Б.Н.Ельцин атындағы Президенттік орталық болып табылады.

Кешке кітап сүйер қауым, ақын, жазушылар, жастар, шығармашыл зиялы қауым қатысты. Кеш барысында Илья Одегов пен Заир Асим өздерінің шығармашылығымен бөлісіп, ақындық, жазушылық жолға қалай келгендігін баяндады. Жас талантты жазушылар сондай-ақ, кеш қонақтарының сұрақтарына жауап беріп, байқау жөніндегі ойларымен бөлісті.