«Сәдуақас Ғылмани ХХ ғасырдағы қазақтың рухани мәселелерін ту етіп көтерген, соны жинақтап, халыққа жеткізе білген ұлы тұлғалардың бірі. Жалпы, ХХ ғасырдағы ислам мәдениеті мен ислам құндылықтарын, ұлт мәдениетін жалғастырып, жаңа заманға жеткізген бірнеше ғана тұлға бар болса, олардың ішінде Сәдуақас Ғылмани мен Ақжан Машанидің шоқтығы биік. Ғалым А. Машаниді халық етене жақсы білсе, оның ұстазы С. Ғылмани туралы жұртшылық көп біле бермейді», - дейді кітаптың алғысөзі мен түсініктерін жазып, құрастырған филология ғыолымдарының докторы, профессор Дихан Қамзабекұлы.
Оның айтуынша, аталмыш жинақтан бөлек ғалымның толып жатқан еңбектері бар. Оның бәрі әлі де жарық көрмеген, қолжазба қалпында сақтаулы. «110 мың сөзден тұратын «Арабша-қазақша сөздігі» бар. Бұл әлі жарияланған жоқ. Соның өзі тәуелсіздік алғанына 20 жыл толған қазақ елінің ғалымдары үшін үлкен сын», - деді Д. Қамзабекұлы.
Тұсаукесер барысында ғалымның рухына құран бағышталып, ас берілді.
Сәдуақас Ғылмани 1890 жылы Ақмола болысына қарасты Ерейментаудың Малтабар деген жерiнде дүниеге келген. Мұсылманша сауатын өз бетiмен ашқан ол 1907 жылы сол кезде Арқаға аты мәлiм төлеңгiт Ақтамақ халифа (Ахмет Ғұсманұлы) медресесiне түседi де, алты жарым жыл оқып, ұстаз батасын алып шығады. Бұдан соң Сiлетi медресесiне орналасады. Содан 1916 жылы ақ патшаның «Июнь жарлығы» шыққанға дейiн осы медреседе бала оқытып, шәкiрт дайындайды. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерiлiсi кезiнде Сәдуақас ұстазы Ақтамақ халифамен бiрге қазақтарды бөтен елдiң, бөтен дiндегiлердiң үстемдiгiне мойынсұнбауға шақырады. Мұнан кейiнгi жылдарда да ол талай қиыншылықты бастан кешiрiп, Арқа өңiрiндегi ондаған елдi-мекендерде медресе ашып, жас шәкiрттер һәм ересектерге де бiлiм бередi. 1929 жылдан бастап кеңестiк саясат исламдық тәлiм-тәрбие жұмысын, исламдық ғибадат бостандығын мейлiнше шектеп, молдаларды қуғындай бастайды. Мешiттер жабылып, қиратылып жатады. Сол себептi 30-жылдар С. Ғылмани үшiн ауыр болса да, ол алдына қойған мақсатынан таймайды. Ислам iлiмiне деген құштарлық оны қасиеттi Құранға қазақша түсiндiрме жазсам деген арманға жетелейдi. Бiрақ бұл еңбегiн ол аталмыш себептерге байланысты жалғастыра алмайды. Әйтсе де, ол хұтба, жұма намаздарға арнап уағыз жаза жүрiп, иманшарт негiзiн ауызша және жазбаша да таратады. С. Ғылмани 1934 жылдары Омбы облысының Лиюбин ауданына қоныс аударуға мәжбүр болады. Содан ол 1946 жылы ғана Ақмола облысына қайтып оралды. Саналы өмiрiн ата дiнiне арнаған С. Ғылманиды жұртшылық қуана қарсы алады. Абд әл-Ғаффар Шамсутдинов ұсынысын мақұлдаған ақмолалықтар Сәдуақасты қала имамы етедi. 1949 жылы ол көптеген кедергiлерге қарамай, қасиеттi Меккеге барып, қажылық парызын өтеп қайтады.1952 жылы Қазақстанның қазиы болып тағайындалған С. Ғылмани оны 1972 жылға дейiн абыроймен атқарған.