Онда олимипадалық салмақ дәрежелері бойынша ерлер - 10, әйелдер - 3 салмақта күш сынасты. Аса тартысты өткен бұл дүбірлі додада әйелдер арасында жарыс қожайындары сапынан алматылық Рано Пархоева (51 кг) мен астаналық Сәния Сұлтанқызы (60 кг), қонақтардан әзірбайжандық Елена Выстропова (75 кг) жеңімпаз атанды. Ерлер арасында қазақстандықтар 10 салмақтың 8-інде топ жарды. Олар - Біржан Жақыпов (49 кг), Олжас Сәттібаев (52 кг), Алмас Жақыпов (56 кг), Бегман Сыйлыбаев (60 кг), Батыржан Жүкембаев (64 кг), Серік Сәпиев (69 кг), Әділбек Ниязымбетов (81 кг) пен Иван Дычко (+91 кг). Жарыста мұндай мәртебеге қонақтардан украиндық Евгений Хитров (75 кг) пен Александр Усик (91 кг) қана ие болды. Жалпы бұл додада Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Грузия, Әзірбайжан, Сирия, Үндістан, Ресей және Украина елдерінен 170 боксшы қатысқан болатын.