Саясаткерге айналған инфопродюсерлер мемлекет пен қоғамға шынайы қауіп төндіреді

Белгілі журналист Сәуле Әбілдаханқызы инфобизнес пен инфопродюсерлер қоғамға үлкен қауіп төндіріп тұрғанын жазды, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

Бұл тек адамдарды алдау ғана емес, қоғамның дерті. Егер осындай тұлғалар саясатқа араласа бастаса, деді ол. Неге қауіпті екенін дәлелдейтін бірнеше аргументтер келтірді:

"Аргументтерді келтірмей тұрып, бірден мынаны түсінулеріңізді сұраймын, бұл пост жеке адамдардың басына қол сұғу емес, тек олардың әрекетіне қатысты сыни пікір білдіру.

Біріншіден, баршаға түсінікті нәрсені сату. Инфопродюсерлер жалпыға белгілі фактілерді «ерекше білім» ретінде ұсынып, сенгіш аңқау адамдарды алдап құрығына түсіреді. Нәтижесінде, адамдар бос нәрсеге, тегін табуға болатын немесе өздігінен үйренуге болатын нәрселерге ақша төлейді.

Екіншіден, жылдам табыс иллюзиясы. Бұл курстар бірден байлық пен өмірде өзгерістер уәде етеді. Алайда бұл маркетингтік айлаға негізделген иллюзия ғана. Яғни, жай елес. Шынайы нәтижелер, әдетте, қатты көңіл қалдырады, бірақ ақкөңіл аңқау клиенттер ертегілерге сенуді жалғастырады.

Үшіншіден, эмоцияларға манипуляция жасау. Шектеулі орындар, жеңілдіктер мен жалған тапшылық – инфобизнестегі адамдарды алдауға арналған стандартты әдістер. Олардың мақсаты – адамның ақылмен емес, эмоциямен шешім қабылдауына мәжбүр ету.

Төртіншіден, шынайы тәжірибенің жоқтығы. Көптеген инфопродюсерлер өздері үйрететін салаларда шынайы жетістіктерге жетпеген. Олардың табысы шынайы тәжірибеге емес, бос сөзге негізделген. Бұл эксперттік деп бүркемеленген алаяқтық.

Бесіншіден, пирамидалық құрылым. Инфобизнес – өзінің құрылымы бойынша пирамидаға негізделген, мұнда пайда тек жоғарғы жақтағыларға тиеді. Қарапайым сатып алушылар не қолында ештеңе қалмайды, не ақшаны жоғалтпау үшін сол схеманы қайталауға мәжбүр болады. Оны оқығандар аяқтастынан инфопродюсер болып шыға келеді.

Алтыншыдан, инфопродюсерлер саясатта. Ең қауіптісі әрі алаңдататыны, кейбір инфопродюсерлер қазірдің өзінде саясатқа араласуы. Біреулері мәжіліс депутаты болса, енді біреулері саяси партияларда белсенді араласуда немесе түрлі мемлекеттің кеңестерде отыр. Бұл қоғам мен мемлекет үшін аса қауіпті, себебі мұндай адамдар билікке келіп, халықты басқаруға қажетті шынайы білім мен тәжірибеге ие болмай-ақ, көпшілікті манипуляциялай беруін тоқтатпайды.

Жетіншіден, мемлекетке қауіп. Ақкөңіл аңқау адамдарды манипуляциялауға үйренген инфопродюсерлер билікке келгенде, бұл мемлекеттің тұрақтылығына қауіп төндіреді. Олар сол инфобизнестегі тәсілдерді қолданып, популистік идеялар айтып, пайдасыз уәделер береді. Бұл билік институттарына деген сенімді әлсіретіп, қоғамның тұтастығына нұқсан келтіреді.

Саясаткерге айналған инфопродюсерлер мемлекет пен қоғамға шынайы қауіп төндіреді. Олар саяси дивидендтер алу үшін сол манипулятивті әдістерді қолданады, бұл қоғамдық дискурстың құлдырауына және елдің тұрақтылығына үлкен қауіп болуы мүмкін. Олардың қаупі сондай, Қаңтар трагедиясы сияқты оқиғаларды оңай ұйымдастыруы да мүмкін. Сондықтан осы бастан оларға қатаң заң мен шектеулерді қабылдау керек.

Бүгінде еліміздің кем дегенде 10,5 миллион халқы Instagram және TikTok-тың белсенді қолданушылары. Осы аудиторияның 10%-ы жылына 100 мың теңесін ақпараттық өнім алуға жұмсайды. Орташа нарықтық бағаға шаққанда, отандық «инфобизнес» нарығының көлемі жылына шамамен 220 миллион долларды құрайды.