"Енгізілетін түзетулерді екі топқа бөлуге болады. Бірінші топқа Конституция нормаларын жүзеге асыру үшін енгізілетін түзетулер жатса, екінші топқа сайлау заңнамасын жетілдіруге бағытталған және түзетулерді нақтылайтын түзетулер кіреді",- деді мәжілістің заңнама және сот-құқықтық реформалар жөніндегі комитетінің отырысында құжатты депутаттарға таныстырған әділет вице-министрі Дәулет Құсдәулетов.
Вице-министрдің айтуынша, бірінші топтағы өзгерістер аясында мәжілісті құрудың жаңа тәртіптері қарастырылған. "Мәселен, онда көрсетілгеніндей, мәжілістің 107 депутатының 98-і біртұтас жалпыұлттық сайлау округі бойынша пропорционал сайлау жүйесінің негізінде партиялық тәзәм бойынша сайланса, қалған 9 депутатты Қазақстан халықтарының ассамблеясы сайлайды, соған байланысты конституциялық заңға осы өзгерістен туындайтын түзетулер енгізіледі және олар жалпы алғанда сайлау процессінің барлық сатыларын қамтиды",- деді Д.Құсдәулетов.
Сонымен бірге заң жобасында Орталық сайлау комиссиясын жасақтау және оның іс-қызметін ұйымдастырудың жаңа тәртіптері айқындалады.
"Президенттің өкілеттілігінің мерзімі қысқартылуға байланысты кезекті сайлауды 5 жылда өткізу жөнінде түзету енгізіледі",- деді ол.
Сонымен бірге "Сайлау туралы" конституциялық заңның 87 бабы жаңа редакциямен беріледі: саяси партияларды өткен сайлау қорытындысына сәйкес қаржыландыру көлемін ескере отырып сайлау жарнасының мөлшерін әртүрлі белгілеу қарастырылған". "Мәселен, өткен сайлауда 7 және одан жоғары процент дауыс жинаған партия сайлау жарнасын төлемейді. Ал өткен сайлауда дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың 5-7 процент дауысын жинаған саяси партия 50 процент көлемінде сайлау жарнасын төлейді. Ал 3-5 процент дауыс жинаған партия сайлау жарнасының 70 проценті көлемінде сайлау жарнасын төлейді. Ал сайлау жарнасының мөлшері бұрынғы қалпында қалды",- деді Д.Құсдәулетов.
Бұған қоса конституциялық заңның 89-бабы жаңа редакциямен беріліп, онда "Қазақстан халықтары ассамблеясынан ұсынылған кандидаттар мен партиялық тізімдерді тіркеуге қажетті құжаттар айқындалады".
Ал екінші топқа вице-министр сенімді тұлғалардың өкілеттілігі мен бақылаушылардың өкілеттілігін, кету куәліктерін беру тәртіптерін нақтылайтын нормаларды жатқызды.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті