Сайлау жайында шетелдік бақылаушылар пікір білдірді

Шетелдік сарапшылар бәрін жіті бақылап отыр. Осы жолғы доданы қадағалауға 37 елден 1026 бақылаушы келген. Оның тең жартысы ТМД-дан, 291-і ОБСЕ бастаған түрлі ұйымның өкілдері. Бастан аяқ қадағалағандардың бірде бірі сайлауға мін тағып отырған жоқ.

Риккардо Мильори, халықаралық бақылаушы (Италия):

-Бүгін шамамен 30 учаскеге барып, барлау жасадым. Бір байқағаным, тәртіп сақталған, әділ өтіп жатыр. Шынын айтайын, сіздерде АҚШ-тағы сайлауға қарағанда әлдеқайда әділ. Обама бұл сөзіме ренжи қоймас.

Шетелдік қонақтардың дені бұған дейін де қазақ сайлауына қатысқандар екен. Астанаға алғаш аяқ басқандары да жоқ емес. Солардың бірі – Эстония парламентінің депутаты Денис Бародич. Ол әсіресе, учаскелік қызметкердің жұмысына тәнтті.

Денис Бародич, халықаралық бақылаушы (Эстония):

-Әрине, қай елде болмасын сайлау кезінде техникалық болса да кедергілер туындап жатады. Мәселен, компьютер істен шығады деген сияқты. Бірақ сіздердегі учаске қызметкерлері оны шұғыл реттеп жатты.

Қатаң бақылау біздің тараптан да жасалған. Құзырлы орындар ешбір жайтты назардан тыс қалдырып отырған жоқ. Мәселен, Бас прокуратура әлеуметтік желі арқылы кандидаттарға тіл тигізген екі алматылыққа ескерту жасағандарын мәлімдеді. Республикалық қоғамдық бақылау комиссиясы да таңнан тізе бүкпестен жүр.


Әлия Мұсабекова, Республикалық-қоғамдық бақылау комиссиясының мүшесі:

-Мұнда таңғы 6-дан жүрміз. Кезек те түзіліп қалған жерлер болды. Қайта солай болғаны жақсы. Бұл жерде әрбір адамның дауысы маңызды.

Әрине, ОБСЕ  бастаған халықаралық ұйымдардың қандай мәлімдеме жасары  ресми Астана үшін де өте маңызды. Ал таңнан сайлау учаскелерінде тапжылмастан отырған шетелдік бақылаушылар әзірге өрескел заңбұзушылық байқамағандарын айтады. Десе де, тізіп алған ескертпелерін ұсынастарын яғни ресми қортындысын ертең жария етпек.

Loading...