"Еліміз бойынша мүгедек адамдардың саны ең төменгі мәліметттерге сәйкес 400 мың адамнан асады. Өкінішке орай, осындай ауқымды электорат сайлауға жұмылдырылған жоқ", - деп мәлімдеді Ә. Аманбаев бүгін Алматыда өткен баспасөз мәслихатында.
Оның нақтылауынша, Қарағандылық мүгедектердің ғана жағдайы өзгешелеу болды. "Тек Қарағандыда ғана биліктің айтқаны орындалып, мүгедектер арасында дауыс беруге баратындар жөнінде зерттеу жүргізілген. Сол бойынша сайлау учаскелеріне жеткізу жұмыстары ұйымдастырылып, арнайы кабиналар орнатылды", - деді Ә. Аманбаев.
Қалалық мүгедектер қоғамы жетекшісінің түсіндіруінше, өңірлердің басшылығы мүмкіндігі шектеулі адамдардың сайлауға келуі үшін жағдай жасаған жоқ. "Пандустар болған жоқ, көптеген сайлау учаскелері екінші қабаттарда орналасты, арнаулы кабиналар мен жәшіктер орнатылмады", -деді ол.
Ә. Аманбаев бұл жайттың тікелей мүгедектердің конституциялық құқығын бұзушылық екенін атап өтті. "Біз қала басшылығына ресми түрде өтініш жасадық, алайда, билік, өкінішке орай, оған немқұрайдылық танытты", - деді ол.
Бұған қоса Ә. Аманбаев саяси партиялардың біреуі де партиялық тізімдеріне бірде-бір мүгедек жанды қоспағанына тоқталып өтті. "Мұндай жандарды қоғамның саяси өміріне араласуға қабілетсіз деп санау оған себеп", - деді ол.
Алматы қалалық мүгедектер қоғамы мүмкіндігі шектеулі 42 мың адамды біріктіреді.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті