Сайлаудан кейінгі жарты жыл Қазақстан үшін шешуші болмақ - Деннис де Трей

"Менің пайымдауымша, Қазақстанның болашағы үшін сайлаудан кейінгі жарты жыл мейлінше маңызды мерзім болмақ. Қандай демократия, қандай ел болмасын, сайлау алдында күн тәртібіндегі құрылымдық күрделі проблемаларды ысырып қойып, ағымдағы күйкі тірлікке көшеді. Бұл - сайлау алдына тән құбылыс екені түсінікті. Алайда, сайлаудан кейінгі жарты жыл алдағы жеті жылға түптамыр болады",- деді Д.де Трей.

Оның пікірінше, Қазақстанның бұдан былайғы дамуы көбінесе үкіметтің сайлаудан кейінгі ұстанымына тікелей байланысты болмақ. "Үкімет осы мерзімде құрылымдық өзгерістерге бағытталған күш-жігер, талпынысын екі еселей ме, әлде, "қолдан келгеннің бәрін жасадық, халық өз таңдауын білдірді, енді жетеді деп тоқмейілсуге көше ме, мәселе осыда",- деді басшы. Оның айтуынша, "ел расында да дамығысы келсе, сайлаудан кейінгі жарты жыл шын мәнісінде ұтымды әрі еселі әрекеттердің мерзімі болуға тиіс".
"Егер үкімет экономиканың барлық салаларында бірдей бәсекелестікті дамытуға жағдай жасаса ғана ел ілгерілеп дами түседі. Олай болмаған күнде ел мұнай және табиғи байлықтарына тәуелді кіріптар ел күйінде қала береді",- деді Деннис де Трей.