Сайлауды табысты өткізуде БАҚ-тардың тиімді жұмыс істеуінің маңызы зор - Н.Назарбаев

Елбасы "қарсыластарға жала жабу, ақпараттық соғыс тәсілін пайдалану, "қара пиар" атанған қитұрқылықтарды пайдалануға жол беруге болмайды" деп атап көрсетті. "Осындай деректердің барлығы да тіркеліп, заң талабына сәйкес қаралады",- деді ол.

Елбасы еліміздегі барлық БАҚ-тарды "сайлау алдында азаматтық берік ұстаным мен жоғары жауапкершілікке" шақырды.
Сондай-ақ, Н.Назарбаевтың пайымдауынша, "жалпы алғанда еліміздегі сайлау алдындағы ахуал тұрақты, сайлауды табысты өткізуге қажетті бүкіл ұйымдастыру шаралары жүзеге асырылған". "Зерттеулер қорытындысы көрсеткеніндей, халықтың басым бөлігі қоғамдағы реформаларды қолдайды, нарық ахуалына бейімделген, елімізде жүзеге асырылатын саясаттағы тұрақтылық пен болжамдылықтан мүдделі",- деді мемлекет басшысы. Президент "халқымыз көп ұлтты мемлекетімізде орныққан қазіргі келісім мен татулықты жоғары бағалайды, ел басшылығының ұстанымын қолдайды" деп атап көрсетті. "Біз сайлау әділетті әрі бәсекелі күреспен табысты өтіп, оған еліміздің азаматтары белсене атсалысады, тұрақтылық пен еліміздің гүлденуі үшін тағы бір дауыс береді дегенге нық сенеміз",- деп қорытты сөзін Елбасы.