Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Сәкен Майғазиев жұма күні ата-бабасын еске алып, оқиғасын бөлісті. Айтуынша, әжесі 21 рет құрсақ көтерген. Алайда қандай да бір себеппен балалары шетінеп кеткен көрінеді.
“Анамның анасы 21 құрсақ көтерген екен. Бала тұрмай, бір сәби дүниеге келсе 1-2 жас үлкен екінші баласы шетіней беріпті. Нағашы атам Мырзамбек "АЛЛА сүйген құлын ауыр сынақтармен сынайды, бізді жоқтан бар еткен ЖАРАТУШЫҒА күпірлік қылмай, шүкірлік қылайын" деп қажылық сапарға аттаныпты. АЛЛАның бұйырған бесінші парызын орындап, алты ай әрі, алты ай бері арып-ашып асыл отанға оралған, сақал-мұрты өсіп, жол азабын көріп келген әкесін танымай 7 жастағы анам қорқып қашқан көрінеді. Құдіреті күшті АЛЛА ТАҒАЛАның қалауымен, нағашы атамыз Мырзамбек пен нағашы әжеміз Бібіайшаның 21 баласынан анамның әпкесі Бибіапаза, інісі Шоба үшеуінен бірнеше ұрпақ тарап отырмыз. Қилы заманның қиындығына құламай, сынағына сынбай ұрпақтары үшін жандарын пида еткен баба-аналарымыздың жандары ЖӘННӘТТА шалқысын. Жұма мүбәрак, жақсылар!”, – деп жазды әнші.
Майғазиев екі қыз бен бір ұлдан бүкіл әулет тарап отырғанын айтты. Ал қиын-қыстау заманда сабыр етіп, қажылық парызын орындап өткен ата-бабасына дұға етті.
Желідегі оқырманы өз оқиғасын айтып, пікір жазып жатыр.
“Керемет ойларыңыз, барлық жастарға керек тегін біліп дәріптеп отырған Машаллах Аналарымыз аман болсын”, “Алланың мейірімі шексіз ғой. Анамыз 100 жасасын”, “Менің де анам айтып отырушы еді, әкесі қажылыққа аттанарда үй ішімен қоштасып, бала-шағасын аманаттап кетеді екен”, “Барлық аналардың баласы сендей болсын деп Алладан тілеймін”, “Сәкен аға, анаңыз 100 жасасын Ин ша Алла. Сонда 21 баладан 3 бала ғана қалған ба? Нағашыларыңыз мықты адамдар болыпты, сабырлық еткендеріне Алла ол кісілерді рахымына бөлегей”, “Аллам анаңызға ұзақ та мәнді сәнді өмір берсін”, “Сендей менің ұлдарым да маған мейірімді болсын, ақылды, парасатты болсын”, – деп жазды олар.