Сәкен Майғазиев қызметінен босатылды

Қазақстандық әнші Сәкен Майғазиев Шымкенттегі басшылық қызметінен босатылды,  деп жазды Caravan.kz медиа порталыSputnik Қазақстан-ға сілтеме жасап.

2020 жылы желтоқсанда "Шымкент қалалық мәдениет үйі" концерттік ұйымы" директоры болып тағайындалған әнші жеке өтініші бойынша қызметінен кетті.

"Майғазиев Сәкен Қордабайұлы шығармашылық жұмыстардың қарқын алуына байланысты "Шымкент қалалық мәдениет үйі" концерттік ұйымы" МКҚК директоры лауазымынан жеке өтініші бойынша өз еркімен босатылды", - делінген қалалық мәдениет басқармасы таратқан ақпаратта.

Айта кетері, Сәкен Майғазиев директор қызметін атқарып тұрған кезде Шымкенттегі мәдени шараларға бөлінген қаржыға байланысты дау шықты.

Әлеуметтік желіде Шымкент қаласында Наурыз мейрамындағы іс-шараларға 565 миллион теңге бюджет қаражаты бөлінгені туралы ақпарат тарады. Құжатқа "Шымкент қалалық мәдениет үйі" концерттік ұйымының" директоры Сәкен Майғазиевтің қол қойғаны айтылды.

Сол уақытта әнші жыл бойы мәдени іс-шаралар өткізуге 
572 миллион теңге бөлінгенін айтты
. Соның ішінде Наурыз мерекесінде 10 күн бойы өткен 103 іс-шараға 213 миллион теңге жұмсалған.

Желіде Майғазиевке қатысты дау үдей түскен уақытта әнші өзін дәлелсіз айыптағандардың заң алдында жауап беретінін мәлімдеді.

"Ғайбаттап, қарғап-сілейтіндерді оқып, түнімен ұйықтай алмай шығамын. Жария түрде жер жаhанға жар салып, маған жала жауып, "жемқор", "тонады" деп негізсіз, дәлелсіз айыптағандар заң алдында жауап беруге дайындала берсін", - деп жазды Майғазиев Instagram парақшасында.