Тоқтар мен Бейбіт
Екеуі де о бастан сахнада жеке әнші болып танылған. Бастарын қосқан - өнер. Бүгінде жарасымды жұп. Бұдан ұтқандары көп. Тоқтар жазған сөздерді әнмен әрлесе, тыңдарманына Бейбіт ұсынады. Қоразбаевтың өнердегі келіні атанды. Репертуарлары байып, тақымқысарлары еселенді.
Мирас пен Құралай
Ақтөбеден ат арытып келген жұптың сахнада жүргендеріне он жылға тақаған. Алғашқыда классика жанрының шекпенін киді. Заман талабына сай эстрадаға бет бұрды. Бейнебаян түсіріп, жинақтарын жарық көргізді. Сайты бар, вокал сыныбы бар. Бастысы - қайсыбір шара болмасын екеуі бірге. Екі қызымен қамшыұстар шаңырақты базарға айналдыруда.
Қыдырәлі мен Қарақат
Кешегі «АБК» тобының Қыдырәлісі - бүгінгі көрермен қадырлысы. Қыдырәлі «Ұлытаудың» продюсері ғана емес, ұлы өнердің бір жұлдызы. Қарақат екеуінің түсірген бейнебаяндары - хит, салған әндері - үйлену тойларының сәні. Ал, Қыдырәлі Қарақаттың туған күніне анау-мынау емес, концерт сыйлайтынын біреу білсе, біреу біле бермейді.
Әділ мен Дана
Алтайдың ар жағынан келген жігіт - тарихы тереңге кеткен Таразға күйеу бала. «Қиялындағы ақ құсын» тапқалы қашан. Ал, облыстық сахнада ән салып жүрген Данаға жарының арқасында өнердің ордасына жол ашылды. Шоу-бизнесте дауыс ерекшеліктері дәл келетін жұп деген атақтары тағы бар.
Жанболат пен Жазира
Жанболат тартқан гитара мен Жазираның әсем әніне тербелмеген жастар аз. Лирикалық саздың жілігін шағып, майын ішіп орындайды, жеткізеді тыңдарманына. Жылдың кез-келген маусымында ірілі-ұсақты концерттерден қалмайды. Той-домалақ, тұсаукесер, жиын-кештен жиі көреміз. Ата-ана жалғыз ұлдарының жағдайын жасап жүрген болар....
Авторы: Азат Айбекұлы
Бейнешығарылымды КТК сайтындағы "Япыр-ай" бағдарламасынан тамашалаңыздар.