Салафиттер мешіттің сыртында насихат жүргізуде

Белгілі теолог, «Аңсар» кеңес беру-оңалту орталығының директоры Асқар Сабдин «Ақтөбе» газетіне берген сұхбатында салафизмді вирусқа теңеген.

«Кез-келген адам бұл вирусқа шалдығуы мүмкін» дейді ол. Негізі, бұл сұхбатта Ақтөбеде 5 маусымда болған лаңкестік оқиғаға байланысты әңгіме өрбіген. Ал ондағы содырлардың кілең жас жігіттер болғаны мәлім. Сұхбаттасушылар сөз арасында осының да мәнісіне үңіліпті. Асқар Сабдин әлгі жастардың бәрі бірдей әлеуметтік жағдайы нашар болғандықтан теріс ағымның жетегінде кетті дегенге сенбейді. «Олардың арасында жұмыссыздар да, сонымен қатар материалдық жағдайы жақсы болғандар да бар. Сондықтан бұл вирус адамның басына кірді ме, бітті.

Мысалы, Тәжікстанның республикалық ОМОН-ының басшысы, бүкіл елдегі ОМОН-ды бақылайтын адам былтыр ИГИЛ-ге кетіп қалды. Оның шені — полковник. Ол жұмыссыз немесе психикалық ауытқушылығы бар адам емес. Ол әскери, жағдайы жақсы, осындай неше түрлі «өңдеулерге» қарсы психилоиялық тұрғыдан дайындалған адам. Соның өзі кетіп қалды. Ал жастарды «сындыру», көндіру одан жүз есе оңай нәрсе» дейді теолог. Сабдин бұл сұхбатында теріс ағымға адамдардың қалай тартылатыны туралы да айтылған. Оның айтуынша, салафизм ағымының өкілдері немесе жақтастары мешіттегі намазда соңына дейін күтпей сыртқа шығып кетіп қалады екен. Яғни оқылып жатқан құранды соңына дейін тыңдамайды. Сөйтіп, олар сырттан өздеріне тартатын адамдарды іздейді. Солардың арасында насихат жүргізеді. Мешітке тек сол үшін келеді екен.

 


Теолог Асқар Сабдин