Бүгінде елге Сары әулие атымен танымал, 54 жастағы Марат Есенбаев Caravan.kz медиа-порталына сұхбат берген еді.
- Өткенде телефон арқылы сөйлескенде, «миссиямды атқарып жүрмін» дедіңіз. Ол қандай миссия?
- Мен адамдарға көбінесе рухани көмектесемін. Ислами дағуат беремін. Екіншіден, адамның күнделікті тұрмыс-тіршілігінде болатын шешілмеген мәселелері болады, үлкен жан азабы болады. Дәрігер, психолог ретінде де жан азабына қарсы ем жасаймын. Тән азабымен ауыратын да адамдар болады. Адамның табиғаты үш денеден тұрады ғой. Бірінші дене көзге көрінеді. Оны тән дейді. Екінші дене көзге көрінбейтін нұрдан тұрады. Оның аты жан. Ол адамның кеудесінде болады. Ал үшінші дененің аты – рух. Адам баласы қайтыс болғанда, бірінші дене – тәнді жер-ананың құшағына тапсырып, қабірстанда жерлейміз. Ал қалған екі денесі – жаны мен рухы. Олар қосылғанда, әруақ деп аталады. Рух ғаламға барады. Оны шартты түрде хақи дүние дейміз. Адамның осы үш табиғатына да ем жасаймын. Тәніне дәрігерлік ем, жанына психолог-ғалым ретінде жасайтын ем, рухына құранмен ұштасатын ем.
- Миссияңыз сол ғой?
- Иә, менің миссиям – адамның тәніне де, жанына да, рухына да ем жасау.
- Дәрігермін дедіңіз. Сонда сіз медицина мамандығын оқығансыз ба?
- Иә, әрине, дәрігерлікті Мәскеуде оқыдым. Менде екі бірдей халықаралық дәрежедегі университеттің дипломдары бар. Сондықтан бұл мамандықты кәсіби деңгейде меңгергенмін. Германияның Ганновер қаласындағы медицина академиясында Еуропаның ең үздік дәрігерлеріне де лекция оқып, дәріс беремін.
- Халық емшілері орталығына тіркелгенсіз бе? Әлде дербес жұмыс істейсіз бе?
- Халық емшілері орталығына тіркелгенмін. Сонда ұстаздық етемін. Ол жерде есімі әлемге танымал академик Зиядан Қожалымов деген кісі бар. Сол кісінің қауымдастығында емшілерге сабақ бергенмін.
- Қандай ауруларды емдейсіз? Қандай жолмен емдейсіз?
- Біздің дінімізде бұл сунна жолымен деп аталады. Арнайы құран дұғалары арқылы емдеймін. Күрделі ауруларды, онкологиялық аурулар, маскүнемдерді, адамның отбасында болатын ұрыс-керіс, төбелес, ажырасу, осы сияқтылардан емдеймін. Қазір адамдар рухани шаршаған. Ақшаның жоқтығына, несиесінің көптігіне байланысты күйзеліске түседі. Сондайларға қарсы өте үлкен ем керек. Маған Алла-тағаладан берілген дарын жан-жақты, сан қилы.
- Жарайды, жан жарасын рухани жолмен емдеуге болады делік. Ал енді жаңа өзіңіз айтқан қатерлі ісік сияқты күрделі ауруларды, тәндегі ауруларды дұғамен жазуға бола ма?
- Әрине, болады. Пайхамбар Мұхаммед саллаллаху әлейхи уәссәламның өзі де талай адамдарды емдеген. Сол туралы «Сахи хал Бухари», «Сахи хал муслим» кітаптарында пайғамбардың көз тигенге, дуаға қарсы, жындарға қарсы, адамның тәніндегі ауруларға қарсы, бас ауруларына, ішек ауруларына қарсы біздің дінімізде өте көп дұғалар да бар. Сондай-ақ, қолданатын шөптер де бар. Өз басым Құранмен бірге шөпті де қолданамын. Арнайы тәсілдері бар. Оның енді сырын ашуға болмайды. Бірақ мен жасаған емнің нәтижесі халық арасында аңыз болып жүр ғой. Өте күрделі аурулар емделіп жатыр.
- Бір ток-шоуда жеке емдеу сеансы үшін кемі 4 мың доллар аламын дедіңіз. Әлі де солай ма?
- Солай. Бірақ адамдардың жағдайына да қараймын. Мен өзім өте күрделі ауруларды, мысалы шет елдерде емі жарты миллион долларға дейін баратын дертті жазып шығарамын.
- Алдыңызға келген адамның бәрін 100 пайыз емдеп жібере аласыз ба?
- Әрине, міндетті түрде. Тек қана Алла емдеуге рұхсат еткен аурулар болады. Егер Алланың қалауы болмаса, емделмейді. Бұл дүниеде екі медицина бар. Біріншісі – ғылыми медицина, екіншісі – халық емі. Екіншісі оқшау, тылсым дүниенің ықпалы. Оның нәтижесі – Алланың қалауы. Жер бетіндегі ең күшті деген дәрігер, профессорлардың бәрі жиналып бір адамның жазылып кетуіне кепілдік беретін болса, бірақ Алла оны қаламаса, ем іске аспайды. Ал енді екінші емге келсек, егер де жер бетіндегі емшілер, мен қосылайын, Ванга, Кашпировский, экстрасенсорика саласының барлық жұлдыздары кепілдік берсе де, Алла оны қаламаса, бұл ем де іске аспайды. Сондықтан ең тазасы – Аллаға дұға қылып емдеу. Бұны ислам дінінде сунна деп атайды.
- Ал мүлдем жағдайы жоқ адам алдыңызға ауырып кеп тұрса, емдейсіз бе?
- Иә, сондай қайырымдылық жасап тұрамын. Анда-санда, қолым босаған уақытта.
- Әлі де бұрынғыдай көп адамды бірден емдей бересіз бе? Бұрын да стадионға жинап емдеуші едіңіз ғой.
- Олай де, жеке де емдеймін.
- Олай адамға ем дари ма?
- Әрине. Сол кезде адамның тәніне де, жанына да, рухына да ем дариды. Бұл ғаламатқа зерттеген адамдар таң қалған. Ал оған күдікпен қарау сауатсыздықтан болады.Адамның көбі бұны білмейді. Миының жалқаулығының нәтижесінде «мұның бәрі де өтірік» деп, қолын бір сілтей салады.
- Сіздің төрт әйелеңіз бар ғой?
- Иә, төрт әйелім бар.
- Олар бір-бірімен тату тұра ма?
- Әрине.
- Кіші әйеліңіз – Гүлиярмен былтыр үйленіп пе едіңіз?
- Екі жыл болды.
- Осы әйеліңіз босанғанда, қызыңыздың атын Султана деп үй қызметшісі қойды дедіңіз. Сонда үй қызметшісін ұстайсыз ба?
- Иә. Менде үш үй қызметшісі бар. Соның бірі – оралдық Гүлбайрам. Сол кісі кіндік шеше болды. Өйткені оның жанұяма сіңірген еңбегі үлкен. Сондықтан туысымдай болып кеткен. Олар үй қызметшісі деп шартты түрде ғана аталады. Бірақ олар өз жанұямның адамдары сияқты.
- Кіші әйеліңіз тым жас. Сізден 34 жас кіші екен. Үйленген кезде оның ата-анасы қалай қарады?
- Ата-анасының қуанышында шек жоқ. Өйткені біздің тойымызға да, барлық қуанышымызға да келді.
- Төрт әйелден қанша балаңыз бар?
- 23 балам бар. 11 ұл, 11 қыз еді. Енді 12-ші қызым бар. Олар әр қалада тұрады.
- Осыдан бірнеше жыл бұрын үлкен қызыңызбен арада жайсыз жағдай болып еді. Шымкенттегі үй үшін соттасқаныңызды айтамын. Қазір онымен ара қатынасыңыз қалай?
- Қазір араласпаймыз. Алланың алдында одан теріс айналдым. Сондықтан араласпаймыз. Екі үлкен қызымды балам деп санамаймын. Олар жаңа айтқан 23 баланың ішіне кірмейді. Оларға ешқандай қарғысым да жоқ. Тек танымайтын адам сияқты жүре беремін. Ешқандай ұрыссыз, бейбітшілікпен жан-жаққа кеттік.
- Ал үй мәселесі не болды?
- Ол іс жабылды. Оларға да қажет емес. Мен де берген жоқпын. Тыныштықпен жабылды.
- Сіз таза Ислам жолын ұстанасыз ба?
- Кей адамдар білмей, мені тарихатшыларға да, сопыларға да жатқызады. Бірақ мен ресми түрде Имам Ағзам Әбу Ханифа ан Нұғман ибн Сәбиттің мазхабын ұстанамын. Сәлафқа да жатпаймын.
- Бірде сіз сәлафтықтан адамдарды қайтардым деп едіңіз...
- Қазір Исламның таза дін екенін түсініетін жастар баршылық. Бірақ кей адамдар сәлафтардың арасына кіріп кетіп жатыр. Ал менің дағуаттарым арқылы өте көп адам райынан қайтып, таза Ислам жолына, яғни Ханафи мазхабына қайтадан оралып жатыр. Қазақстан бойынша шамамен 300-ден астам отбасы райынан қайтты. Олардың сондай шайтанның сектасына кіруіне сәл қалған екен. Бірақ менің дағуатымды дер кезінде естіп, райынан қайтып, әке-шешелері мен бала-шағалары табысып, дұрыс жолға түсуге бел байлады.
- Қазақстан мұсылмандарының өз киім үлгісі болады деп жатыр. Әйелдер қара жамылмасын, ерлер ұзын сақал өсіріп, қысқа балақ шалбар кимесін дейді. Осыған сіз қалай қарайсыз?
- Бұл – үкімет тарапынан жасалып жатқан дұрыс қадам. Өйткені тосқауыл қоймаса, болмайды. Ал адам баласы жаман нәрсеге үйір. Пайғамбар Мұхаммед саллаллаху алейхи уәссәлам хадис жеткізген уақытта «араб болып кетіңдер» деген жоқ. Қазақтарға араб болу керек емес. Мұсылман болуымыз керек. Жалпы, біздің ұлттық киімдеріміз халал ғой. Мысалы, беті ғана ашық кимешек бар. Ұлттық сипатты жоймай-ақ мұсылмандықты ұстануға болады ғой. Өз басым бұл шараны қолдаймын.
- Жалпы, сіз қалай Сары әулие атандыңыз.
- Атырауда жерленген нағашы атам болды. Есімі – Сарымолда. Ол кісі әулие болып, өте көп адамды мұсылман қылған. Алланың кереметімен адамдарды емдеген. Мені сол кісінің құрметіне Сары әулие деп атаған. Бүл – 80-ші жылдардың аяғында халықтың қойған аты.
- Әулиелік деген Исламға қайшы емес пе? Яғни Аллаға серік қосу емес пе?
- Жоқ. Серік қосу бөлек нәрсе. Мен көп адамды бұл әрекеттен де тоқтаттым. Менің уағыздарым арқылы көптеген мешіттер мұсылманға толды.
- Қымбат көлікпен жүресіз. Жеке жүргізушіңіз, жаңа айтылғандай, үй қызметшілеріңіз бар. Сіз өзіңізді бай адам санайсыз ба?
- Иә, мен дәулетті адамға жатамын. Өте көп жетімдерді жарылқаймын. Жағдай жоқ адамдарға қайырымдылық жасаймын. Өте көп мешіттерге демеушілік көрсетемін. Бұның бәрін Алланың ризашылығы үшін істеймін.