Бас прокуратура әйелін аса қатыгездікпен өлтірді деп айыпталған бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың ісі туралы айтты, - деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы Tengrinews.kz -ке сілтеме жасап.
Бас прокуратураның Tengrinews.kz ресми сауалына берген жауабында, бүгінде Қуандық Бишімбаев қамауда отырғаны айтылған.
"Дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі "Аса қатыгездікпен жасалған адам өлтіру" бойынша соталды тергеу амалдары жүргізіліп жатыр", - делінген Бас прокуратура жауабында.
Бап 15 жылдан бастап өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады. Сонымен қатар, Бас прокуратура тағы үш бап бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
"Қылмыстық Кодекстің 432-бабы ("Қылмысты жасырып қалу"), ҚК-нің 119-бабы ("Қауiптi жағдайда қалдыру") және ҚК-нің 434-бабы ("Қылмыс туралы хабарламау") бойынша қылмыстық істер қозғалды", - деп толықтырды қадағалау органы.
Олар қылмыстық істердің тергеу сатысында екенін және Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабы талаптарына сәйкес тергеу мүддесіне қатысты өзге де мәліметтер жарияланбайтынын айтты.
Еске салайық, 9 қарашада экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ұсталғаны белгілі болды. Астанадағы мейрамханалардың бірінде келушілер арасында жанжал шығып, салдарынан бір әйел алған жарақатынан көз жұмған. Болжам бойынша, әңгіме экс-министрдің әйелі туралы. Бишімбаевтың ұсталғаны туралы хабарламамен қатар Астана полициясы ер адамның ұсталғаны туралы пікір білдірді. Бірақ оның аты-жөнін нақтыламады.
Сондай-ақ, сағат 19:54-те астаналық жедел медициналық қызмет көрсету станциясы пультіне қоңырау түскен. Жедел жәрдем бригадасы жеткенде 1992 жылы туған әйелдің қаза болғаны расталды. Кейін марқұмның 31 жастағы Салтанат Нүкенова екені белгілі болды. Ол - Қуандық Бишімбаевтың әйелі.