Салық берешегін өндіру тәртібі жеңілдетілді

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы kaz.inform.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

— Енді 20 АЕК-ке (86 500 теңге) дейінгі берешегі бар кәсіпкерлерге тек хабарлама жіберіліп, өсімпұл есептеледі. Шоттары бұғатталмайды, қызметіне кедергі келтірілмейді. Хабарламада салық төлеушінің қанша қарызы бар екені көрсетіледі, — деді Қайсар Арын.

20–45 АЕК аралығындағы (86 500–194 625 теңге) берешегі бар кәсіпкерлердің банктік шоттары мен касса операциялары уақытша тоқтатылуы мүмкін. Ал 45 АЕК-тен жоғары берешегі бар кәсіпкерлерге барлық ықпал ету шаралары қолданылады. Оларға борышкердің өзіне қарыз болып тұрған адамдар мен компаниялардан қаражат өндіру, мүлікті тексеріп сату, бағалы қағаздарды тәркілеу, қажет болса, сот арқылы банкрот деп тану кіреді.

— Сонымен қатар алғаш рет 1 500 АЕК-ке дейінгі берешегі бар кәсіпкерлерге, сондай-ақ горизонтальды мониторингке қатысушыларға 12 айға дейін кепілсіз бөліп төлеу мүмкіндігі берілді. Енді бөліп төлеу үшін мүлікті бағалау немесе сақтандыру талаптарын орындаудың қажеті жоқ, ал төлеу мерзімі бұрынғыдан айтарлықтай қысқарды, — деп толықтырды комитет өкілі.

Салық органы өкілінің айтуынша, Үкімет тапсырмасы аясында микро және шағын бизнес үшін жаңа жеңілдіктер енгізіледі. Егер кәсіпкер 1 қаңтардан 31 наурызға дейін негізгі қарызын төлесе, есептелген өсімпұлдар мен айыппұлдар кешірілуі мүмкін. Заң ресми түрде қабылданып, жарияланғаннан кейін комитет жеңілдікті қалай пайдалану керегін, кімдерге берілетінін, мерзімі мен тәртібін толық түсіндіреді.