Салық кодексінде экономиканың шикізаттан басқа салаларын, шағын және орта бизнесті дамытуға бағытталған шаралар қарастырылады

"Біздің ұстанымымыз салық саясаты экономиканы модернизациялауға бағытталып, іскерлік және инвестициялық ахуалды жақсарту үшін қажетті ықпалды құралға айналуға тиіс дегенге саяды", - деді премьер.

Оның осы орайда атап көрсетуінше, "шикізаттан басқа сала мен шағын және орта бизнесті дамыту үшін салық ауыртпалығын азайту - салық жүйесіндегі жаңа реформалардың негізгі қозғаушысы".

"Шикізат емес сала үшін корпоративтік салықты біршама азайту, мүлік және жер салықтарын, сондай-ақ, қосалқы құн салығын есептеу және төлеуге қатысты қазіргі бар көзқарастарды өзгертуге шаралар қарастырылады", - деді Кәрім Мәсімов.

"Бюджеттен шығуы мүмкін шығындар шикізат саласынан түсетін экономикалық түсімдерді көтеру есебінен өтеледі", - деді ол.

"Жаңа Салық кодексі шағын және орта бизнеске арналған әкімшілік кедергілерді азайту шараларымен қатар шағын және орта бизнесті ынталандыруға бағытталады. Осы тұрғыдағы шаралар кешеніне шағын бизнес субьектілері үшін кіріс пен шығысты есепке алудың, корпоративтік және жеке кіріс салығын есептеудің жеңілдетілген тәртібі арқылы қосымша оңайлатылған салық режимін енгізу, сондай-ақ, салық есебін беру мен оны жасау тәртіптерін біршама жеңілдету қамтылады", - деді Кәрім Мәсімов.

Үкімет басшысының пікірінше, " корпоративтік кіріс салығы бойынша алдын-ала (аванс) төлемдерді алып тастау" тиімді қолдау шарасына жатады.

"Біз нақты құжатпен парламентке қыркүйекте келеміз", - деген премьер, "жаңа Салық кодексін енгізу Қазақстанның бәсекелік қабілетіне тікелей ықпалын тигізуге тиіс" екенін айтты.