Самат Смақов футболмен қоштасты

Қазақстандық танымал ойыншы Самат Смақов футболмен қоштасты. Футболшы бүгін Ақтөбедегі Қобыланды батыр атындағы стадионда соңғы қоштасу ойынын өткізді.



Қазақ футболы тарихында өзіндік қолтаңбасын қалдырған Самат Смақовтың қоштасу ойынына жиналған жанкүйерлердің қарасы мол болды. Ақтөбе қаласының әкімі Бердібек Сапарбаев арнайы келіп, автокөлік мінгізді. Сондай-ақ ел футболының жанашырлары сөз алып, Саматтың алдағы қызметі мен ісіне табыс тіледі.

Қоштасу ойынында "Ақтөбе" футбол клубының ардагерлері мен Сэмнің достары жолдастық кездесу өткізді. Самат бірінші таймда алаң иелері командасына ойнаса, екінші таймда достарының қатарына қосылды. Пенальтиден гол соғып, жанкүйерлерін қуантты.

80 минутта өз орнын Самат ұлы Аламгир Смақовқа босатты. Аламгир алаңға шыға сала шабуылға араласып, араға бірер минут сала гол соғып, көзге түсті. Ойын 6:5 есебімен "Ақтөбе" ардагерлерінің жеңісімен аяқталды.

- Бүгін біз Ақтөбенің орталық стадионын толтырдық Ойын тамаша болды. Ең бірінші отбасыма алғысымды білдіремін, жұбайыма рақметімді айтамын. Қайда жүрсем де түсіністікпен қарап, ыстық ықыласын аяған емес. Ата-анама көп рақмет. Осындай жетістікке жеткенім, сол кісілердің арқасы. Барлық жаттықтырушыларым, командаластарыма, барша қазақстандық жанкүйерлерге алғысымды жеткіземін. Рақметімді айтамын. Ал-қызыл отбасы Ақтөбе командасы жанкүйерлеріне алғысым шексіз. Өзге командада ойнасам да сіздерден қолдау көрдім. Сіздерге басымды иемін, - деді футболшы.

Айта кетейік, 39 жастағы футболшы соңғы рет Шымкенттің "Ордабасы" футбол клубында ойнады. Ал спорттық мансабында Қазақстанда "Елімай" (Семей), "Қайрат" (Алматы), "Ертіс" (Павлодар), "Жеңіс" (Астана) және "Ақтөбе" клубтарында доп тепті. Ресейдің "Ростьселмаш", Түркияның "Ризеспор" командаларында доп тепті.

Самат Смақов – Қазақстан ұлттық құрамасы сапында ең көп ойынға қатысқан футболшы. 76 ойынға қатысып, 2 гол соққан.