Самбодан әлем кубогында топ жарған Е. Байбатыровқа көлік мінгізілді


Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы жоғары спорт жетістіктері бөлімі басшысының міндетін атқарушы Әскербек Нұрмұқановтың айтуынша, аталмыш жарыста батысқазақстандықтар, төрт дүркін әлем чемпионы Ерболат Байбатыров 57 келі, әлем біріншілігінің қола жүлдегері, өткен жылғы Қазан универсиадасының күмісін алған Бағдат Жарылғасов 62 келі салмақта жеңімпаз атанды. Оларды Райбек Меңдіғалиев, Берік Жұмағалиев, Қазбек Ибрашев сынды мамандар баптап келеді. Сондай-ақ Азамат Шайхы 62, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің студенті Нұрбол Серіков 68 келі салмақта күміс жүлдені иеленді.
Жалпыкомандалық есепте Қазақстан құрамасы ресейліктерден кейін екінші орынға көтерілді. Қазақстан самбо федерациясының президенті Сәкен Мейірбеков турнирдің үздік балуаны атанған Ерболат Байбатыровқа Hyundai Accent автокөлігінің кілтін табыс етті.