Самокатпен қай жерде жүруге болады? 25 тамыздан бастап жаңа ережелер күшіне енді

Caravan.kz медиа порталының тілшісі жалғастырады. 

Еске салайық, 1 шілдеден бастап Қазақстанда электр самокаттарын басқаруға қатысты бірқатар жаңа талап енгізілген болатын. Атап айтқанда, жүргізушінің жасына, жүргізуші куәлігінің болуына және міндетті сақтандыруға қатысты талаптар белгіленді. Ал 25 тамыздан бастап самокатпен тротуарлар мен жаяу жүргіншілер жолдарында жүруге де тыйым салынды.

Оқи отырыңыз: Самокаттар мүлде жоғалып кетуі мүмкін бе? Жаңа шектеулерден кейін сапарлар 60%-ға азайған

Бұған дейін электрсамокаттарын тротуармен сағатына 6 шақырымнан аспайтын жылдамдықпен жүргізуге рұқсат етілетін. Енді самокат жүргізушілері велосипед жолы немесе велосипед жолағы болған жағдайда тек солармен жүруге тиіс. Ал мұндай жолдар болмаған кезде жолдың оң жақ шетімен немесе жол жиегімен қозғалу қажет.

Жолдың жүріс бөлігімен электр самокатын тек 18 жасқа толған, жүргізуші куәлігі бар және қорғаныш дулығасын пайдаланатын адамдар ғана жүргізе алады.

Сонымен қатар қараңғы уақытта жарық шағылыстыратын элементтерді пайдалану міндетті. Электр самокатымен жолаушы немесе жүк тасымалдауға, қозғалыс кезінде телефон пайдалануға және рульді ұстамай жүруге тыйым салынады. 

Мопед жүргізушілері де көлік құралдарына қойылатын талаптарды сақтауға тиіс. Мопедтер тек жолдың жүріс бөлігімен жүруі керек. Ал электр самокат, велосипед және мопед жүргізушілері жаяу жүргіншілер өткелі арқылы жолдан өткен кезде көліктен түсіп, оны жетектеп өтуі қажет.

Жол-көлік оқиғалары көбейіп отыр

Электр самокаттары, мопедтер, велосипедтер және басқа да жеке мобильділік құралдарының саны жыл сайын артып келеді. Алайда олардың саны артқан сайын жол-көлік оқиғалары да көбейіп отыр.

Бұл туралы Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының өкілі Саян Әбденов мәлімдеді.

Жыл басынан бері мопед жүргізушілерінің кінәсінен 390 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Соның салдарынан 33 адам қаза тауып, 461 адам жарақат алған.

Ал велосипед жүргізушілерінің кінәсінен 169, шағын электр көлік құралдарын басқарушылардың кінәсінен 97, электр самокаттарын пайдаланушылардың кінәсінен 47 жол-көлік оқиғасы болған.

Осы жол-көлік оқиғаларында барлығы 329 кәмелетке толмаған бала зардап шегіп, 10 бала қаза тапқан.

Сонымен қатар электр самокаттарын, мопедтерді және шағын электр көлік құралдарын пайдаланушылардың өздері де жол-көлік оқиғаларынан зардап шегіп отыр. Жыл басынан бері электр самокат жүргізушілерін көлік қағып кеткен 145 жағдай, мопед жүргізушілерін қағып кеткен 82 жағдай және шағын электр көлік құралдарын басқарушыларды қағып кеткен 52 жағдай тіркелген.

Бұл оқиғалардан төрт адам қаза тауып, 300-ге жуық адам түрлі жарақат алған.

Бас прокуратура өкілдерінің айтуынша, бұл көрсеткіштер жолдағы қауіпсіздік барлық қозғалыс қатысушыларының жауапкершілігі мен тәртібіне тікелей байланысты екенін көрсетеді.

Жоғары жылдамдық — негізгі қауіптердің бірі

Адамдар көп жүретін жерлерде электр самокатын жоғары жылдамдықпен жүргізу ерекше қауіп төндіреді. Мұндай жағдайда балалар, қарт адамдар және балалар арбасымен жүрген ата-аналар қауіпке жиі ұшырайды.

Сондай-ақ жаңбырдан кейінгі асфальт, темір люктер мен плитка төселген жолдар да қауіпті. Мұндай жабындарда дөңгелектің жолмен ілінісуі төмендеп, көлікті басқару қиындайды.

Әр сапар алдында самокаттың техникалық жарамдылығын тексеріп, қорғаныш құралдарын пайдалану және қозғалыс кезінде алаңдамау қажет.

Автокөлік жүргізушілері де ерекше сақтық танытуы керек. Қиылыстардан, аулалардан, жаяу жүргіншілер өткелдерінен және электр самокаттары мен велосипедтер пайда болуы мүмкін жерлерден өткен кезде жылдамдықты төмендетіп, жол жағдайының кенет өзгеруіне дайын болған жөн.

Балалардың қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлу қажет

Кәмелетке толмағандардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғалары алаңдатады. Сондықтан ата-аналар балаларға жол қозғалысы ережелерін ерте жастан үйретіп, олардың самокат пен велосипед пайдалануын бақылауы қажет. Сондай-ақ заң бойынша тыйым салынған жағдайда балалардың мұндай көлік құралдарын басқаруына жол бермеу керек.

Бас прокуратура электр самокаты, велосипед немесе мопед адамның жолдағы осалдығын азайтпайтынын ескертеді. Автокөлікпен соқтығысқан жағдайда екі дөңгелекті көлік жүргізушісінің ауыр жарақат алу қаупі жоғары.

Бірнеше секундтық асығыстық, абайсыздық немесе жол қозғалысы ережелерін елемеу адам өмірі мен денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін. Жолдағы қауіпсіздік әр адамның жеке жауапкершілігінен басталады.