"Самұрық-Қазына" жылжымайтын мүлік қоры 2013 жылы пайдалануға 162 мың шаршы метрден аса тұрғын үй беруді жоспарлауда

Биылғы жылы «Самұрық-Қазынаның» жылжымайтын мүлік қоры «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы бойынша 162 мың 53 шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беруді жоспарлап отыр.


           «Қолжетімді баспана-20» бағдарламасы бойынша тұрғызылған алғашқы нысандар биылғы жылдың 4-тоқсанында ғана пайдалануға берілмек. Жыл соңына дейін жалпы аумағы 162 мың 53 шаршы метрлік баспана салу көзделіп отыр. 2013 жыл соңына дейін 21 млрд теңге қаржы бөлінеді», - деп «Интерфакс-Қазақстан» агенттігіне «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қорының басқарма төрағасы Болат Палымбетов мәлім етті.
           Оның айтуынша, әзірге тұрғын үйлерді сатып алу туралы келісімдер бекітіліп, өтініш қабылданбаған.
           Ал, жалға берілетін үйге төленетін жал ақысы құрылысқа жұмсалған қаржыны қайтару принциптері мен қордың тұрақтылығына қарай белгіленеді. Астана, Алматы, Атырау, Ақтау қалалары мен қала маңындағы елді мекендерде мұндай үйдің бір шаршы метрі 1600 теңгеден сатылады. Жалға беру мерзімі 15 жыл. Ал, үйді тікелей сатудың базалық құны бірінші жылы аталған аймақтарда 180 мың теңгеден аспауы тиіс. Қазақстанның басқа аймақтарында мұндай үйдің шаршы метрінің бағасы 144 мың теңге.
           «Кейін тікелей сату бағасы тұрғын үйді салу бағасының өзгеруіне байланысты болмақ. Жалға алушы келісімшарттағы міндеттемелерін толық орындағаннан кейін «Самұрық-Қазына» қоры тұрғын үйді оның иелегіне береді», - деп түсіндірді Б.Палымбетов.
           Оның айтуынша, жобаларды екінші деңгейлі банктер арқылы қаржыландырғаннан гөрі, «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қорымен бірлесіп жүзеге асыру құрылыс компаниялары үшін де тиімді.
           Қазіргі таңда «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы бойынша 5 млн шаршы метрге жуық тұрғын үй салғысы келетін құрылыс компанияларынан жүзден астам ұсыныс келіп түскен.
           «Бұл үкімет қабылдаған бағдарламаның жеке инвесторлардың басым бөлігі тарапынан қолдау тапқанын дәлелдейді», - деді ол.
           Басқарма төрағасының мәліметінше, қазірдің өзінде қор құрылыс компанияларымен алты келісімшарт бекіткен. Атап айтсақ, «Элитстрой Проект» ЖШС-мен Алматыдағы «Асыл Арман» тұрғын үй кешенінің бірінші және екінші кезегін салу туралы, «Оксибилд» ЖШС-мен Ақтөбеде «Юнис Сити» ктұрғын үй кешенін салу туралы, «KAONTECH International» ЖШС-мен Астанада «Шығыс» кешенін салу туралы, «Таразспецтехбаза» ЖШС-мен Тараз қаласында екі 25 пәтерлі үй салу туралы, «Armada Stroy» ЖШС-мен Алматыда «Заманауи» тұрғын үй кешенін салу туралы келісімдер бекітілген.
           Бекітілген келісімдердің жалпы сомасы 60 млрд теңгеден асады. Салынатын баспананың жалпы аумағы 300 мың шаршы метрден асып жығылады.
           Алдағы уақытта Алматы, Шымкент, Қызылорда мен Қарағанды қалаларында да осындай тұрғын үйлер салу жобаларын жүзеге асыру туралы келісімдер бекіту көзделіп отыр.