"Санжар тоқмейілсіп кетті": Санжар Тәшкенбайдың Азия ойындарына не себепті бармағаны белгілі болды


Спорт журналисі Аслан Каженов чемпионның іріктеу жаттығуларына да келмегенін айтты, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы. 

"Санжар ренжісін, ренжімесін ашығын айту керек. Ол әлем чемпионатынан кейін тоқмейілсіп кеткен сияқты. Өйткені, біз қатты көтермелеп жібердік, сый-құрмет, марапат, қонақтыққа шақырамыз, шапан жабамыз. Осы Азия ойындарына іріктеу жаттығулары болды. Санжар сол іріктеу жаттығуларына да келмеді. Сұрадық, бас бапкер үйленіп жатыр деп түсіндерді, яғни бап жоқ, бап кетіп қалды. Ол 51 келіге көтеріліп, салмақ қосып, Сәкен Бибосыновпен таласу керек еді. 19 жасында олимпиаданы алып жатса сенсация болатын еді. Бірақ, Санжар сол жерден тоқтап қалды. Одан кейін іріктеу өтті, іріктеуден өткен жігіттер осында өнер көрсетіп жатыр. Санжар сол кезде үйленді. Қазір оның Ақтауда өтіп жатқан халықаралық турнирдің финалында есе жібергенін оқыдым. Санжар осыдан сабақ алса екен. Өйткені, потенциалы, физикалық мүмкіндігі керемет жігіт. Бапкерлердің ренішін де естідім. Санжар әлеуметтік желілерде көп отырады, жаттығуға келмейді деген сияқты реніштері бар. Спортта сәл босаңсып қалсаң, міндетті түрде кері әсер етеді", - дейді журналист.