Бюджет қаражатына салынған мемлекеттік баспаналардың сапасы неге сын көтермейді? Caravan.kz медиа порталының тілшісі тақырыпты саралап көрді.
Атырау, Қарағанды, Астана қалалары мен Түркістан облысында мемлекеттік бағдарламалар аясында салынған үйлер опырылып жатыр. Арасында қолданысқа берілгеніне бірнеше жыл болған жаңа үйлер де бар. Қабырғалар жарылып, іргетастары отырып жатыр. Шатырлары желге төтеп бере алмей, ұшып жатыр. Бұл қауіпсіз үйлерді қарапайым халықтың көпшілігі ипотекаға алған. Тіпті 2030 жылға дейін төлейтіндері бар. Үйлерінің жөндеу жұмыстарын өз қаражаттарына жасаудан басқа амалдары жоқ. Әлеуметтік тұрақтылық пен қауіпсіздік сезімін сыйлауы тиіс баспана керісінше, халықтың бас ауруына айналды.
Атыраудағы жағдай
Атырау қаласының Талқайран шағынауданында «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынған көпқабатты үйлердің көпшілігі үгітіліп жатыр. Терең жарықтарға толы. Тұрғындардың айтуынша, еденнің астындағы жіктер айырылып, қабырғалардың қисайғанынан есіктер жабылмай қалған. Дәл осы қисайған есіктерге газ құбырлары байланған. Іргетасы жерге кіріп кеткендіктен, кейбір пәтерлерде еден көлбеу болып кеткен.
«Есіктерді бірнеше рет ауыстырдым. Жамап отырмын, басқа амалым жоқ, балаларым үшін уайымдаймын. Қабырғалардың барлығы жарылып кеткен, еден түсіп кетті. Терезелер суланып, көгеріп кетті, сапасы жоқ мынау үйлердің, қорқамыз, төбесі сықырлап тұр, бәрін өзім 2021 жылдан бері жамаумен келемін. Одан бөлек ай сайын төлейтін ипотекам бар», - дейді тұрғын.
Кепіл бойынша жүргізілген жөндеу жұмыстары тек сылап-бояумен шектелген. Негізгі мәселе конструкцияның бұзылуы – шешілмеген күйі қалған.
Бұрын қатты жел үш үйдің шатырын жұлып әкеткен. Шатырлар қалпына келтірілді, тұрғындардың айтуынша, бұл тек сыртқы көріністі түзетуге бағытталған, ал шатырдың қандай күйде екені белгісіз. Ипотекаға алынған үйлер өмірге қауіпті дейді тұрғындар.
Береке шағынауданындағы тоғыз қабатты үй бес жыл бұрын тапсырылған. Қазір бұл үйдің күйі де көңіл көншітпейді. Жарыққа толы. Қасбет бойымен кетіп жатқан үлкен сызаттар жылуды шығарып, ылғал кіргізеді. Тұрғындар үйдің бір бөлігінің опырылып кетуінен қорқады.
Сапасыз үйлер тек Атырауда емес. Қарағанды облысы, Алматы, Қызылорда, Түркістан облысы және елорда тұрғындары да жиі шағымданады. Түрлі өңірлерден тарап жатқан фото мен видеолар бір-біріне ұқсас: бір типтегі жарықтар, бірдей ақаулар және «сыртын сылап қоюдан» әрі аспайтын жөндеулер.
Көкпекті ауылында тұрғындарға 50 млн теңгеге «әлеуметтік үйлер» салынған. Тұрғындар осындай сапасы төмен, жарыққа толы, қабырғалары тесік, көгерген пәтерлер үшін ай сайын жалдау ақысын төлейді, ал жекешелендіру үшін тағы ипотека алуы тиіс.
Дәл осы жерде орынды сұрақ туындайды. Неге мемлекеттік бағдарлама аясында салынған үйлер осылайша тез жарамсыз болып жатыр?
Сарапшылардың айтуынша, мәселенің тамыры тереңде жатыр. Бұл жылдар бойы қордаланған жүйелік олқылықтардың нәтижесі. Саясаттанушы Айдар Әлібаевтың айтуынша, негізгі себеп – жемқорлық схемалары және «ең төмен баға жеңеді» деген қате қағида.
«Ең арзан ұсыныс білдірген компаниялар тендер алады, бірақ кейін құрылыс материалдарынан, жұмысшылардан және бақылау жүйесінен барынша үнемдейді», - дейді маман.
Сарапшының пікірінше, мемлекеттік сатып алуларда пара көлемі 20-40 пайызға дейін жетуі мүмкін. Бюджеттің елеулі бөлігі құрылысқа емес, көлеңкелі төлемдерге кетеді. Соның кесірінен бетон да, арматура да, басқа да негізгі материалдар сапасыз әрі төмен стандартта қолданылады.
«Тендерді ең жақсы жоба емес, ең арзан баға ұтқан кезде, сапа ешкімді қызықтырмайды. Сол себепті бірнеше жыл ішінде қабырғалардың опырылып жатқаны таңғаларлық емес», – дейді ол.
Құрылыс компанияларының жоғары табысы және жауапкершіліктің жоқтығы
Қаржы сарапшысы Арман Бейсембаев құрылыс компанияларының маржасы шамадан тыс жоғары екенін айтады.
«Бір шаршы метрдің өзіндік құны 300 мың теңге шамасында болуы мүмкін, бірақ нарыққа сол шаршы метр 600 мың теңгеге дейін шығады. Айырмасы таза пайда. Осы ақшаның барлығы қарапайы азаматтардың төлейтін салығының есебінен алынады», - дейді маман.
Бейсембаевтың пікірінше, мемлекеттік бағдарламалар компанияларға ыңғайлы жағдай жасап отыр, алайда сапа үшін нақты жауапкершілік жүктелмейді. Әлеуметтік баспана қолжетімді әрі сапалы болуы тиіс, бірақ іс жүзінде жылдам әрі үлкен табыс көзіне айналып кеткен.
«Үйлер қирағанда нақты тұлғалар жауапты болуы тиіс, осылай бола берсе, ешнәсре өзгермейді. Сапаға қарағанда үнемдеу әлдеқайда тиімді болып тұр», – дейді сарапшы.
Формалды техникалық бақылау
Ең үлкен бюджеттік қаражат осы құрылыс саласына тиесілі. Көптеген жылдар бойы ел азаматтарын баспанамен қамтамасыз ету мақсатында республикалық бюджеттен де, жергілікті бюджеттен де көптеген миллиардтар трансферттер арқылы бөлінеді. Әсіресе әлеуметтік осал топтардың саны көп, және тағы мыңдаған адам кезекте тұр.
"Міне осы қаражатты құрылыс компаниялары игеруі керек. Олар үшін керемет олжа. Сол себепті құрылыс компаниялары бұл қаражатқа барынша қол жеткізуге тырысады", - дейді қоғам белсендісі Санжар Боқаев.
Оның айтуынша, техникалық қадағалау өте әлсіз және көп жағдайда формалды келеді.
«Құрылыс нормалары толық сақталмайды, бақылаушы органдар объектілерге бармай-ақ акт береді. Бізде құрылысқа рұқсат алу кезеңінен бастап, нысанның қабылдануына дейінгі әр сатыда жемқорлық кездесед. Мәселені шешетін “тарифтерді” бәрі біледі. Мұндай жүйеде сапалы құрылыс талап ету – мүмкін емес», – дейді ол.
Сапасыз үйлер трагедияға әкелді
Қабырғадағы жарықтар адам өміріне төнген қауіп. Елордада жұмыс барысында 23 жасар фельдшер Улдана Мырзуанның үстіне кондиционер құлап, қаза тапты. Тергеу құрылыс сапасының төмендігін негізгі нұсқалардың бірі ретінде қарастырып жатыр.
«Жағалау-3» тұрғын үйіндегі әлеуметтік үйлер де екіге айырылуға жақын. Тіреу қабырға бойында үлкен жарық пайда болған. Қасбеті үгітіліп, жоғарғы қабаттардан су ағады.
Тұрғындар сызаттар жыл сайын үлкейіп, қыста суық, жазда жәндіктер, тіпті тышқандар кіретінін айтады. Пәтерлерде көгеру пайда болады, ауа ылғалдылығы жоғарылайды, ал жылытуға кететін шығын бизнес-класс үйлерінен артып түседі.
Мамандардың айтуынша, аталмыш жүйеден ең ұтылғандар - қарапайым халық. Олар 20 жыл бойы картон қабырғалар үшін адал еңбегімен жиған ақшасын төлеуге мәжбүр. Ең сорақысы, кінәліні табу қиын, себебі компаниялар нысанды тапсырып болған соң жабылып, нарықтан жоғалып кетеді.
Мемлекет нені өзгертуі керек?
Сарапшылардың айтуынша, мәселені белгілі бір үйлерді жөндеумен ғана шешу мүмкін емес. Ол үшін жүйені өзгерту керек. Тендерлер ең төмен баға бойынша емес, сапа бойынша бағалануы керек. Техникалық бақылау толық тәуелсіз болуы және шын мәнінде нысанға барып тексеруі қажет. Құрылыс компанияларына нақты жауапкершілік жүктелуі тиіс: қаржылық айыппұлдан бастап, адамдардың өміріне қауіп төнген жағдайларда қылмыстық жауапкершілікке дейін.
«Жергілікті әкімдер мен мәслихат депутаттарын халық сайлауы тиіс. Жергілікті билік халыққа есеп беретін форматқа өткенде ғана құрылыс саласындағы бақылау күшейеді», - дейді Санжар Боқаев.