"Сақ болуларыңызды сұраймын": Бақытжан Сағынтаев үндеу жариялады

Бұл туралы ол instagram желісіндегі парақшасында жазды, - деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

"Құрметті алматылықтар! Жауған қалың қар өте сақ болуды талап етеді. Қар жамылғысының биіктігі қаланың жоғарғы бөлігінде — 15 см, таулы аймақта — 25 см-ден асты. Сілбі қар ағаштарды құлатқан. Құлаған кейбір ағаштың бұтақтары көлікке тиген.

Таңертең қаланы аралап шықтым. Көшелерді, аялдамаларды қардан тазалау бойынша және тайғаққа қарсы барлық қажетті шаралар қолға алынуда. Жол бойында 600 бірлік техника мен 1700 жұмысшы қызмет етуде.

Полиция департаментіне жолдағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету шараларын күшейтуді, ТЖ департаменті мен коммуналдық қызметтерге апатты жағдайлардың салдарын жедел жоюды тапсырдым. Қар тазалауда қиындық тудырған көшелердегі жағдай туралы хабарлауды сұраймын.

Құрметті алматылықтар! Үлкен және Кіші Алматы өзендері бассейндерінің тау баурайларында қар көшкіні жүруі қаупі бар. Сондықтан тауда өте сақ болуларыңызды, тіпті тауға баруды кейінге шегеруді сұраймын", - деп жазды Алматы қаласының әкімі.

Естеріңізге сала кетейік, Бақытжан Сағынтаев 2019 жылдың 28 маусымында қалалық мәслихаттың шешімімен Алматы қаласының әкімі болып тағайындалған еді.