Сарапшы қазақстандық балалар 18-ге толғанда Ұлттық қордан қанша ақша алатынын есептеп берді

Бұл туралы Caravan.kz порталы Malim.kz -ке сілтеме жасап хабарлайды. 

– Әрбір отбасы елдің ұлттық байлығын пайдаланудан нақты табыс алуы керек, сондықтан мен жариялаған Балалар жылы аясында принципті жаңа бағдарлама – «Балаларға арналған ұлттық қорды» іске қосу аса маңызды деп есептеймін. Ұлттық қордың жылдық инвестициялық кірісінің 50 пайызын балаларды мерзімінен бұрын алу құқығынсыз 18 жасқа толғанға дейін әлеуметтік жинақ шоттарына аударуды ұсынамын, - деді Президент бүгінгі Жолдауында.  

Жоба 2024 жылдың 1 қаңтарынан басталады. Президент қазақстандықтар кәмелеттік жасқа толған кезде жинақталған қаражатты баспанаға немесе білім алуға жұмсауға болатынын атап өтті.

Сарапшы Ғазиз Әбішев балалардың кәмелетке толған күннен бастап үміт артатын ақшаны шамамен есептеп шықты. 

"Ұлттық қордың инвестициялық кірісі жылына 700 миллион долларды құрады делік. Жартысы - 350 миллион доллар. 7 миллион балаға - жылына 50 доллардан келеді. Бір балаға 18 жылда - 900 доллар", - деп жазды Әбішев Telegram-дағы арнасында. 

Алайда экномист Мақсат Халықтың есебі мүлдем басқаша.
Ол шамамен жылына 400 доллар түседі деді. 

"Өз есептеуімше, қазіргі таңда Ұлттық қорда 52,5 млрд доллар бар. Алайда оның инвестициялық табысы сын көтермейді. Бірақ жылына кем дегенде 10 пайыз кіріске қол жеткізуге болады.  Ал 52,5 млрд доллар қордың 10 пайызы шамамен 5 млрд доллардан аса қаражат. Егер 5 млрд доллардың 50 пайызын балаларға үлестіріліп беруі қажет болса, ол 2,5 млрд доллар және оны еліміздегі 6 млн 100 мың балаға бөлеміз деген сөз. Бұдан шығатын санға қарайтын болсақ, шашамен жыл сайын әр балаға 400 доллардан тиеді. Бұл - теңгеге шаққан кезде шамамен 200 мың теңгеге жуық", - дейді Мақсат Халық.