"Біз Заманбек Нұрқаділовтың мәйіті табылған жерде, үйдің екінші қабатында үшінші мәрте тексеру жүргіздік",- деді С.Мусин. Тексеру қорытындысын адвокат тергеу құпиясына сілтеме жасап, жария етуден бас тартты.
Сонымен бірге С.Мусиннің хабарлауынша, Нұрқаділовтың денесінен "жүрекке тиген екі, бастың самайынан оң жақтан солға қарай атылған бір оқтың ізі" табылған.
Тергеушілер марқұмның өліміне себепкер болған нақты жорамалдарды атаудан бас тартуда. Тергеу амалдары жалғасуда.
З.Нұрқаділов 15-қараша, сейсенбіде Кеңсайдағы бейітте жерленеді.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, З.Нұрқаділовтың денесі 12-қараша күні кешкісін Луганск көшесінің бойындағы өз үйінен табылған. Полицияның алдын-ала қорытындысына сәйкес, ол басынан оқ тию салдарынан қаза тапқан. Оқиға орнынан Нұрқаділовтың өзіне қарасты "Кобальт" тапаншасы табылды.