Сарапшылар олигархтардың тыққан ақшасын жария ететініне күмәнмен қарайды

Егер, сіз көлеңкелі бизнестен түскен табыс пен мүлік иесі болсаңыз, енді заңсыз байлығыңызды жасырудың қажеті жоқ. Яғни, ашық түрде барыңызды жарияласаңыз, капиталыңыз кешірімге ілігуі мүмкін. Оған Үкіметтің өзі кепілдік беріп отыр. 1 қыркүйектен бастап ел ішінде осындай науқан жүріп жатыр. Ал мамандар ел арасында бұл шараны өзге бағдарламамен шатастырып жатқандардың көп екенін айтады.        

Әнуар Жұмаділдаев, Салық комитетінің төрағасы:

- Қандай объектілер заңдастырылуы керек? Ең алдымен ақша, бағалы қағаздар, сосын барып жылжымайтын мүліктер. Онда да заңсыз иелекке алынған. Бірақ халық оны құжат реттеумен шатастыруда. Сөйтіп, шаштараз, шағын дүкен, асхана иелері келіп, құжаттарын реттеуді талап етуде. Бірақ бұлар капитал жариялау санатына жатпайды.

Ал Үкіметтің негізгі көздегені – ақшаны жариялау. Ұлттық банк есебіне қарағанда, науқан басталған бір ай ішінде 9 адам қаржысын заңдастыруға келген.

Керімқұл Есболатов, Ұлттық банктің бөлім бастығы:

- Бір ай ішінде екінші деңгейлік банкке 9 адамның есебінен шот ашылды. Шамамен 1 млрд. 553 млн. теңге түсті. Тағы да қатары көбейеді деген ниеттеміз. Егер осы кісілер шотынан мерзімінен бұрын ақшасын алар болса, 10 пайыздық салық төлеп ақшасын кері қайтаруына болады.   

Қаржыгерлер жариялау тиімділігінің 3 шартын ұсынуда. Бірінші, жарияланған ақша банк шотына түссе, нарықтық мөлшерге сай пайыздық сыйақыға ие болмақ. 3 жылдық кепілмен. Екінші, инвестицияға түсіп, иесіне пайда әкелеуі мүмкін. Үшінші, IPO бағдарламасына қатысуға рұқсат берілмек. Ең бастысы, амнистияға түскен капитал үшін ешкім істі болмайды. Бірақ қоғам арасында дау туғызып отырған да акцияның дәл осы тұсы. 


Досым Сәтбаев, саясаттанушы:

- Бір қиындық, бұл жерде заңдастыру біткен соң не болатыны белгісіз. Сенім жоқ. Міне, сондықтан да ешкім мол қаржысын ашып көрсете қоймауы мүмкін. Әсіресе, олигархтар. Сондықтан Үкіметтің жоспарлаған 12 млрд долларды жинауы екіталай. Ал негізі бейресми ақпар бойынша, афшорлық жолмен Қазақстанның 130 млрд. доллары сыртта жатыр.

Тәуелсіз Қазақстан тарихында бұл осымен 3 мәрте жарияланып отырған капитал амнистиясы. Амнистия бірінші 2001 жылы, бюджетке 480 млн. доллар кіріспен жасалса, 2006-2007 жылдары бұл сома бірден 14 пайызға өскен. Сөйтіп, 6,8 млрд. доллар заңдастырылған.