Форумда сөз сөйлеген "Асар" партиясының төрайымы Дариға Назарбаеваның айтуынша, мұндай кездесулер Қостанайлық шаруалардың басынан кешіріп отырған қиындықтарын республикалық деңгейде жария етуге мүмкіндік береді. Төрайымның пікірінше, "қаладан бір елі қалыспай-ақ, шалқи күн кешуге қазіргі ауылдардың толық құқығы бар".
Ауылдарды дамыту бағдарламасы жүзеге асырыла бастаған алғашқы жылы мемлекеттік бюджеттен ауылшаруашлығын дамытуға шамамен 55 млрд. теңге білінді. Бұған қоса ауылшаруашылығы жеңілдетілген салық салу тәртібі негізінде қосымша дотация алып отыр. 2003-жылы шаруа қожалықтары астық жинайтын қазіргі заманғы 1,3 мың комбайн сатып алды. Агроөнеркәсіптік бағдарлама жүзеге асырыла бастаған үш жылда 50 мыңдай жұмыс орнын құру межеленген. Бірақ ауылдарды қолдауға бағытталған алғашқы жылдың өзінде 110 мың жаңа жұмыс орны құрылды.
Алайда, осы орайда сарапшылар ауылшаруашылығы саласын дамытуға кедергі болып отырған бірқатар проблеманы атап көрсетуде. Мәселен, шаруа қожалықтарының жұмысын жүргізудің нақты белгіленген құқықтық негізіне қарамастан, іс жүзінде жерді меншіктену құқығы, жер телімдерін айқындау, жерді жалға немесе субарендаға алуға қатысты дау-дамайлар тыйылмай отыр. Мамандардың айтуынша, едімізде шын мәнісінде жер мен жер үлесі шаруа қожалықтары үшін кіріс көзі мен саланы дамытуға қаржы салуды қамтамасыз ететін меншік санатына жатпайды.
Меншік иесінің жерді жалға беру, мұраға қалдыру, мүлікті кепілзат ретінде пайдалану құқықтары заңнамалық тұрғыда толыққанды қамтамасыз етілмеген. Шаруа қожалықтарының меншіктегі жері мен олардың мүлкі сақтандыру рыногының қызмет көрсету аясына қамтылмаған. Бұған қоса, фермерлер мен шаруарлар тиісті деңгейде әлеуметтік қорғалмаған. Қостанайлық фермерлердің атап көрсетуінше, сондай-ақ, бүгінде Қазақстан парламентінде олардың күнін жоқтайтын шынайы өкілі отырған жоқ.
Қазақстанның ұлттық шаруа қожалықтары қауымдастығының президенті Тұрарбек Құдайбергеновтың айтуынша, шаруа қожалықтары үшін тағы бір тауқымет - материалдық-техникалық базаның ескіруі, жанар-жағармаймен, техникамен және қаржы-қаражатпен жеткілікті мөлшерде қамтамасыз етілмеу, тауар өндірушілерді алыпсатарлардың құрбанына айналдыруға түрткі болып отырған өнімді өткізу жөніндегі маркетингтік шаралардың жүзеге асырылмауы болмақ.
Сарапшылар сондай-ақ, мемлекет тарапынан ауылшаруашылығын, соның ішінде шаруа қожалықтарын қолдау қаржысының тапшылығын атап өтті.
Қостанай облыстық шаруалар мелмекеттік тапсырыс беру институтын қазіргі заман талабына сәйкестендіріп қайтадан қалпына келтіру қажеттігін де мәлімдеді.