Сарапшылар теңгенің тағы құлдырауы мүмкін екенін айтты

Мұнай бағасының аяқасты көтерілуі Иран мен араб елдері арасындағы кикілжіңнен пайда болғанын әлемдік БАҚ жарыса жазып жатыр. Яғни Сауд Арабиясы исламның шииттік бағытын ұстанатын 47 адамды лаңкестік ұйымдарға қатысы бар деп өлім жазасына кескен. Бұған қырын қараған Иран араб еліне қатаң үн қатты. Ал оның арты Теһранның Эр-Риядпен ғана емес, бірнеше араб елдерімен арада дипломатиялық қатынастардың үзілуіне дейін барды. Бірақ бұл теке-тірес салдарынан көтерілген қара алтын құны ұзаққа бармайды деген пікірде біздің сарапшылар.
 

Әкімжан Арупов, Әлемдік экономика және халықаралық қатынастар институтының директоры:

- Ол тек әлемдік мұнай бағасына әсер етуге қажетті себеп болды. Ал, негізі,Сауд Арабиясы үшін қара алтынның арзандай бергені тиімді. Олар сөйтіп, барлық бәсекелестерін нарықтан ысырып шығарғаннан кейін, мұнай бағасын толығымен өз қолдарына алмақшы.
   

Қалай дегенмен, 2014 жылдың шілдесінен бері мұнай бағасы алғаш рет жоғары өрлеп, баррелі – 36-дан 38 долларға өсті. Мұндайда теңгенің тағдыры қалай болмақ деген сауал туары анық. Бірақ мамандар бұл тұрғыда қуантарлықтай божам айта алмады.

Әкімжан Арупов, Әлемдік экономика және халықаралық қатынастар институтының директоры:

- Жаһандық экономика қиын-қыстау кезеңде тұрғандықтан, меніңше, мұнай бағасының төмендеуі жалғасады. Ал оның бізге тікелей әсері болғандықтан, төл теңгеміздің әлсірей түсетіні сөзсіз.

Дегенмен, сарапшы отандастырымызды сабырға шақырып отыр. Айтуынша, Ұлттық банктің жағдайды ушықтырмауға қауқары жетеді. Тамыз айындағы интервенциялар текке жұмсалған жоқ. Оның үстіне жаңа жылдың алдында теңге құнының біраз көтерілуі де тегін емес екен.

Loading...