Сараптама қортындысы бойынша Алтынбек Сәрсенбаев пен оның көмекшілерінің мәйіттері табылған жерде тексеру жүргізілгені туралы хаттамаға қойылған қолдардың жалған екендігі расталды

Осыған байланысты Рустам Ибрагимовтың қорғаушысы Нұрлан Үстеміров хаттама істің дәлелдеріне тіркелмесін деген өтініш түсірді.

Сондай-ақ, ол оқиға орнын тексеру құжаттарының бұрмалануы дерегі жеке қаралсын деген өтініш жасады.

Н.Үстеміровтың өтінішіне қатысты төреші Л.Мерекенов "жеке қаулыға қатысты мәселе үкім шығарылғанда шешіледі" деді.

Осыған дейін хабарланғандай, сот мәжілісі барысында оқиға орнын тексерген кезде куәгер ретінде тартылған Әбдірасилов және Барашкин, сондай-ақ тергеуші Қалиев, қайғылы жағдай орын алған жерде қолмен толтырылған хаттамаға қол қойғандары туралы түсініктеме берген. Алайда, іске қолдан жазылған хаттамадан мүлдем бөлек, басып шығарылған хаттама тіркелген.
Мемлекеттік айыптаушы Владимир Кириленко осыған байланысты қолтаңбаға сараптама жүргізу туралы өтініш жасады.

Сонымен қатар, кезекті сот мәжілісінде айыпталушы Ержан Өтембаевтың Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа жазған өкініш хаты жабық түрде оқылды.